Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Ділдәбеков қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов пен өзбекстандық былғары қолғап шебері Хасанбой Дусматов арасында өтетін жекпе-жек туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Сәкен Бибосынов Олимпиаданың 1/8 финалында түрік боксшысы Самет Гюмюшті жеңген болатын. Енді ол ширек финалда өзбек спортшысы Хасанбой Дусматовпен жұдырықтасады.
Бибосынов Токио Олимпиадасының қола жүлдегері болса, Дусматов Рио Олимпиадасында алтын медаль иеленген.
"Хасанбой Дусматов Олимпиада чемпионы атанған жігіт. Бұл Олимпиадада мынау жеңімпаз, мынау жеңімпаз емес деп қарамайды. Әр боксшы дайындықпен келеді. Біздің Сәкен Бибосынов алдағы жекпе-жекте осыған дейінгі жаттығуына сай мықтылығын көрсетеді деп ойлаймын. Бұл Сәкеннің бірінші емес, екінші Олимпиадасы. Ол Олимпиадада қателесуге болмайтынын біледі. Ертең шаршы алаңда кім қалай дайындалғаны көрінеді. Енді кім екенімізді көрсетуіміз керек", - деді Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков "Хабар" арнасына берген сұқбатында.
51 кг салмақ дәрежесінде өтетін жекпе-жек бүгін, 2 тамызда Астана уақытымен 00:20-да басталады. Тікелей трансляция "Хабар" телеарнасында болады.
Еске салайық, Сәкен Бибосынов алғашқы жекпе-жегін қорытындылап, өзбек боксшысымен өтетін кездесу туралы пікір білдірген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2143774-kim-ekenimizdi-korsetuimiz-kerek-muhtarhan-dildabekov-saken-bibosynovtyng-kelesi-zhekpe-zhegi-turaly-aitty/