Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әттеген-ай" дейтін дүние көп": Ермахан Ибраимов Олимпиадаға барған боксшылар туралы айтты

Жарияланған күні:

Ермахан Ибраимов
Ермахан Ибраимов. Фото: youtube.com/@ruslansport

Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов Париж Олимпиадасындағы қазақ босшыларының психологиялық және физикалық дайындығы жайлы сөз етті. Ол бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
140 мың қадам: Астана тұрғыны бір тәулікте 105 шақырым жаяу жүрді

– Ермахан аға, бокс – біздің Олимпиада ойындарында қоржынға алтын толтыратын халқымыздың оң жамбасына келетін спорт еді. Токиода өткен Олимпиадада тәуелсіздік алғалы алғаш рет алтынсыз қайттық. Биыл да боксшыларымыз бабында өнер көрсете алмай жатыр деген пікірді Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев айтты. Боксшыларымыз бабында ма?

– Осы жолы Олимпиадаға 10 боксшы жолдама алды. Жартысынан астамы жарыс жолын аяқтап қойды. "Әке – балаға сыншы". Мен өзім Олимпиада чемпионы болдым. Шынымды айтсам, "әттеген-ай" дейтін дүние көп. "Неге дұрыс тактика таңдамады?" деген ойларым болды. Мысалы, Асыланбекке туды ұстатып, көтере алмайтын жүк артқан сияқтымыз. Психологиялық тұрғыдан ауыр жүк артып қойған жоқпыз ба? Ту ұстамай шыққанда, өзін еркін сезініп, жақсы жұдырықтасар ма еді? Оның Иорданияның боксшысынан жеңіліп қалғаны мені қатты қапаландырды. Мен Асыланбек Шымбергенов Өзбекстан, Куба сияқты боксы дамыған елдерден жеңілсе, 3:2 есебімен, түсінер едім. "Ұтыламын" деп ұтылмаған шығар, дегенмен де тактикалық қате жібергенін мен көріп отырмын.

Психологиялық және физикалық дайындықтарына қатысты не айтасыз? Көп сыналып жатыр.

– Мен өзім де осы Ұлттық Олимпиада комитетінің айналасында қызмет істеп жүрмін. Бірақ мен көбіне жасөспірімдерді дайындау жағындамын. Осы Олимпиадаға дайындық басталған кезде "мен де сол жерде болайын, Олимпиада чемпионы ретінде спортшыларға рух берейін" деп айтқан едім, басшылық тарапынан қолдау таппады. Бәлкім менің де пайдам тиер деген едім. Геннадий Головкин кетті ғой. Рух беріп жатқан шығар. Бірақ мен жарысты көріп отырып, спортшыларға рух беру, психологиялық қолдау аз болды ма деп қалдым. Бір сөзбен айтқанда, психологиялық тұрғыдан дайын емес.

Ал физикалық жағынан тағы бір Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев сынап жатыр екен. "Үш раунд бойы шыдамады" деп жатыр, мен физикалық жағынан дайын емес деп кесіп айта алмаймын. Бірақ физикалық дайындығы төмен болғаны байқалып қалды. "Жігіттер, мықтысыңдар!" деп арқасынан қағып, рухтандырып жіберу жетіспей қалған сияқты. Көзін жандырып жіберетін адам табылмады ма деп, өзімді "барғанымда ғой" деп кінәлап қойдым.

Мүмкін алдағы уақытта бізді Олимпиадаға баратындар қатарына қосатын шығар. Мысалы, бұрын Жақсылық Үшкемпіров ағамыз Олимпиадаларға баратын еді. Ол бізге бойтұмар сияқты әсер беретін. "Жігіттер, сендердің жанкүйеріңмін" деп күш беретін еді. Дегенмен әлі де сынға түсіп жатқан, шаршы алаңда жұдырықтасып жатқан боксшыларымыз бар ғой. Олардан көп үміт күтем. Алтын алып, барлық сын бос әңгіме болып қалса екен дейміз.

– Уақыт бөліп, сұқбаттасқаныңызға рақмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2143854-attegen-ai-deitin-dunie-kop-ermahan-ibraimov-olimpiadaga-bargan-boksshylar-turaly-aitty/