Қазақстандық боксшы Назым Қызайбай Париж Олимпиадасының жартылай финалына жолдама алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Назым Қызайбай ширек финалда Колумбия спортшысы Ингрит Валенсиямен кездесті. 50 кг салмақ дәрежесіндегі жекпе-жекте қазақстандық боксшы төрешілердің шешімімен жеңіске жетті (4:1).
Айта кетейік, Назым Қызайбай екі дүркін әлем чемпионы болса, Ингрит Валенсия Рио-2016 Олимпиадасында қола жүлде иеленген.
Енді Назым Қызайбай жартылай финалда қытайлық боксшы Ву Юмен жұдырықтасады. Жеңсе, алтын медальға таласады. Ал жеңіліс тапса, қола жүлде еншілейді. Жекпе-жек 7 тамызға қараған түні 01:00-де болады.
Осыған дейін қазақстандық боксшы қыздар Карина Ибрагимова (57 кг) мен Валентина Хальзова (75 кг) алғашқы жекпе-жекте жеңіліп, Олимпиаданы аяқтаған еді.
Ерлер арасында тек Нұрбек Оралбай (80 кг) жартылай финалға жолдама алды. Ал Айбек Оралбай (92 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) және Cәкен Бибосынов (51 кг) жарыс жолынан шығып қалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2144119-nazym-qyzaibai-olimpiada-zhuldegerin-zhengip-zhartylai-finalga-otti/