Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір адамның ғана кінәсі емес": Данияр Елеусінов қазақстандық боксшылардың Париждегі сәтсіздігі туралы айтты

Жарияланған күні:

Данияр Елеусінов
Данияр Елеусінов. Фото: instagram.com/yeleussinovdaniyar

Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов қазақстандық боксшылардың Париж Олимпиадасындағы сәтсіздігі туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ҚазаАқпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Париж Олимпиадасына Қазақстан ерлер құрамасы сапынан 7 боксшы қатысқан еді. Оның ішінде тек Нұрбек Оралбай финалға дейін жетіп, күміс жүлде иеленді. Ал әйелдер арасында Назым Қызайбай қола жүлдеге қол жеткізді.

Данияр Елеусінов "боксшылардың физикалық дайындығы нашар", "қолы қатып қалған" деп пікір айтып жатқан адамдарға жауап берді.

"Әрине, спорт болғандықтан бәрі болып жатады. Бокс деген қазақтың дәстүрлі спортына айналып кеткен ғой. Бұған дейінгі олимпиадаларда күміс пен қоланы қоспағанда жеті "алтын" алғанымыз бар. Чемпион болып тұрып, жеңісі ұрланған Болат Жұмаділов, Василий Левит сияқты спортшыларымыз да бар. Қолдың қатып қалуы, өзін нашар сезіну сияқты жағдайлар болып жатады. Бірақ рингке шыққаннан кейін ол нәрселерді ойлап тұра алмайсың. Рингке шыққаннан кейін жеңіске жетудің амалын ғана іздейсің. Жігіттер барынша тырысты, амалдарын іздеген жоқ деп айта алмаймын. Мүмкін бары сол болған шығар.

Мен бапкерді де, басқасын да сынай алмаймын. Бір адамның ғана кінәсі емес деп ойлаймын. Қазақ боксын жоғары деңгейге қайта шығарайық деген ниет, мүдде бокс саласына жауапты адамдардың бәрінің бойында болуы керек шығар. Ең бастысы, қабілетті, талантты боксшыларды тауып, өсіру керек. Ол қиын жұмыс. Жалпы өмірде оңай жұмыс жоқ қой негізі.", - деді боксшы.

Cондай-ақ Данияр Елеусінов әйелдер арасында Олимпиаданың қола жүлдегері атанған Назым Қызайбайдың жекпе-жегі туралы айтты.

"Назым қарындасымыз керемет өнер көрсетті деп есептеймін. Екі дүркін Әлем чемпионы деген атағына Олимпиаданың қола жүлдегері деген мәртебені қосып алды. Оған ешқандай өкпе жоқ. Бауырларыма келсек, кейбір боксшылар көбінесе терезесі тең шайқас көрсетіп жатты. Ол жекпе-жектерді біздің боксшылардың пайдасына да беруге болатын еді. Сәл-пәл бедел жетпеді ме екен… Нақты неден екенін түсіне алмадым. Бірақ сол да бар шығар деп ойлаймын", -деді Елеусінов.

Данияр Елеусінов "Геннадий Головкин Ұлттық Олимпиадаға басшы болып келгеннен кейін AIBA құрамынан шығуымыз керек деген мәлімдемесі Париж төрінде кесірін тигізді" деп жатқандарға жауап берді.

"Төрешілердің бәрін толықтай алмастырып тастамаған шығар деп ойламаймын. Бәрі де сол AIBA-ның төрешілері ғой. Сол жігіттерге бұған дейін де төрелік етіп жүрді. Бәрі біржақты болмайды. Жігіттердің өздерінен де бар. Біз тек қолдау көрсете аламыз. Өйткені спорттағы тартыстың қандай қиын екенін ішінде жүрген соң, ішінде болған соң түсінеміз", - деді боксшы.

Рио Олимпиадасының чемпионы Қазақстан боксындағы реформаны неден бастау керегін де айтты.

"Менің ойымша, реформаларды бәрі бірге, ұжым болып істеу керек. Спортшыларға бас бапкерден сенім керек. Бас бапкерге де өзінен жоғары тұрған басшылардан сенім керек. Спортшылар сонда тұрақты жаттығу жасап, бабы мен ішкі сенімі тең жетіледі. Сол жетпей жатқан шығар мүмкін. Мен де екі Олимпиадаға бардым. Біріншісінде мен де сүріндім. Бірақ мен алғашқы бәсекелерімде ұтылып қайтпаған едім. АҚШ-тың, Иранның жақсы боксшыларымен кездестім дегендей. Жартылай финалда да жеңілдім деп ойламаймын. Бірақ төреші қолыңды көтермегеннен кейін, қазақшылыққа салып, "Иә, жеңіліп қалдым" дей саламыз", - деді Елеусінов.

Еске салайық, Париж Олимпиадасында күміс жүлде жеңіп алған Нұрбек Оралбай Астанаға келді. Сондай-ақ Назым Қызайбай да елге оралды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2147697-bir-adamnyng-gana-kinasi-emes-daniiar-eleusinov-qazaqstandyq-boksshylardyng-parizhdegi-satsizdigi-turaly-aitty/