Париж Олимпиадасы боксшыларымыз үшін сәтсіз аяқталғанын бәрі де жарыса жазып жатыр. Алтын алады деп күткен боксшыларымыз жүлдесіз қалды. Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысқан Назым Қызайбайдың шаршы алаңдағы жанкештілігі көпшіліктің мерейін үстем етті. Алтынға бергісіз қолаға қол жеткізген боксшымен KAZ.NUR.KZ тілшісі сұқбаттасып, көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарды қоюға тырысты.
– Елге оралған сәтте жеңіске жеткеніңізді енді сезініп тұрғаныңызды айттыңыз. Бәрі құттықтап, ыстық ықыласын білдіріп жатыр. Олимпиада жүлдегері атану қандай сезім екен?
– Олимпиадада медаль жеңдік, әлеуметтік желіде бәрі құттықтады. Ол кезде аса сезілмеп еді. Елге оралған сәтте Олимпиада жүлдегері атанғанымды шынайы сезіндім. 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында топ жарғанымда дәл осындай сезімде болған едім.
– Сіз үшін Олимпиадада жеңіске жету мен әлем чемпионатында топ жарудың қандай айырмашылығы бар?
– Мен биыл Олимпиадаға бірінші рет қатысып тұрмын. Көп спортшы Олимпиадаға қатысудың өзі арман екенін айтып жатады. Расында ол жақта өнер көрсетудің өзі ерекше сезімге жетелейді.
Парижде өткен Олимпиаданы тамашалауға келген халықтың қарасы көп болды. Алдыңғы Олимпиадаларға қатысқан спортшылардың айтуынша, Парижде өткен доданы көруге өте көп адам келген. Залдар мен ареналардың бәрі лық толы.
Алғашқы жекпе-жегімнің алдында бапкерім мен психологым: "Жиналған адамның қарасы мол. Қобалжып кетпе", - деген болатын. Сол кезде: "Қобалжымаймын, ештеңе емес", - дедім. Бірақ рингке шыққандағы сезім басқаша екен. Ауыр атмосфера болса да, ерекше сезім сыйлайды. Бапкерлерім де: "Еркін ұста, рингке шыққан кезде соққылар жасап, секіріп, күліп шық", - деді. Сонда да қаншама адам қарап отырған соң, қысылады екенсің.
– Марапаттау рәсіміне атақты боксшы Геннадий Головкиннің өзі қатысты...
– Туысқандарымның бәрі: "Геннадий Головкинді көрдің бе?", - деп сұрап жатады (күлді). Ол кісіні Олимпиадаға келгенде көрдім, оған дейін көрмеппін.
Геннадий Головкин – аңыз адам. Бұл додаға өзі арнайы келіп, қолдап, әр жекпе-жек сайын құттықтады. Өте қуаныштымын, мен үшін мәртебе.
Марапаттау рәсіміне ол кісі қатысты. Әлеуметтік желіде тараған бір суретте Геннадий Головкинге қарап мәз болып тұрған бейнемді көрген шығарсыздар. Головкинді бүкіл әлем таниды. Сондықтан мақтаныш сезіміне бөленіп тұрдым.
– Дзюдошы Әбиба Әбужақыновамен достығыңыз әлеуметтік желіде жан-жақты талқыланып жатыр.
– Бұған дейін Әбибамен қатты араласпаппыз. Сырттай таныспыз. Оқу-жаттығу жиындарында кездесіп қалатын едік.
Олимпиада қалашығында маған жақын бөлмеде тұрды. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп жүрдік. Мен оған: "Қазақтан шыққан Олимпиада чемпионы болайық", - деп айттым.
Мен оған Парижден бір нәрсе алып келемін деп уәде еткем. Сол алған затымды табыстап, жақында Алматыда жолықтық.
– Әкеңіз: "Қызымыздың енді отбасылық өмірге де көңіл бөлгенін қалаймыз", - деп пікір білдірген еді.
– Спортпен айналысып жүргеніме біршама жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында ата-анам менің таңдауыма қарсы шықпапты. Тек туысқандарымыз келген кезде: "Қашан тұрмысқа шығасың?", - деген сауалдар болып жатады. Бірақ мен: "Олимпиада чемпионы атанамын", - деп мақсат қойғам.
Не дегенмен, бәрі де бұйырған уақытында болады деп ойлаймын. Ата-анам менің әр шешімімді қолдайды.
Жасың келді екен деп асығып кетуге де болмайды. Сен өзіңнің адамыңды жолықтырған кезде ештеңеге қарамай тұрмысқа шығасың.
– Сіз өз мансабыңызда көптеген қиындыққа тап болдыңыз. Талай сынның астында қалған кезіңіз де болды. Сын-пікірді қалай қабылдайсыз? Бокстан көңіл суып қалған сәттер болды ма?
– Әрине, сын-пікірлер, хейттер көп болды. Психологиялық тұрғыдан ауыр тиді. Бірақ бәріне нәтиже көрсетіп жауап бергім келді. Осындай сипаттағы сындар мені шыңдады десем де болады.
Бұрындары сын-пікірлер көңіл күйіме әсер ететін. Ал қазіргі уақытта мұндай нәрселерге бас қатырмаймын. Түрлі негатив пікір жазатын жандар әлі де бар. Бірақ бізден де танымал, бізден де мықты адамдарға сын айтылып жатқан соң, біздікі қарапайым екен ғой деген ойға келемін.
– Осы Олимпиадада спортшыларға "көздерінде от жоқ, неге әлеуметтік желіде отырады" деген секілді сындар тағылып жатыр...
– Instagram, Tiktok-қа фото-видео салып қалсаң, сынап жазып жататындар жеткілікті. Тіпті тым дөрекі түрде жазады. Сондай кезде күлкің келеді. Біз де адамбыз, робот емеспіз ғой. Бізді таңертеңнен кешке дейін жаттығу жасап, тамақ ішіп, телефонсыз жүру керек деп ойлайды.
Күніне екі мезгіл – таңертең және кешке жаттығуымызды жасаймыз. Бос уақытта неге телефон қолданбасқа?! Адамдар соны дұрыс түсінбей жатады.
2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатынан кейін жігіттерімізге де: "Дайындалсаңдаршы, неге интернетте отырсыңдар?", - деп сын айтты. Кешкі жаттығуыңды жасап, тамақтанып алған соң әлеуметтік желіге кіріп отырған күннің өзінде 24 сағат бойы дайындалуымыз қажет секілді жазатын адамдар көп.
– Бапкеріңіз Долкунжан Камеков: "Назым әлі нүктесін қойған жоқ", - деді. Әкеңіз: "Отбасылық өмірге көңіл бөлуі керек", - деді. Бұл мәселе бойынша Назымның өзі не дейді?
– Осы уақытқа дейін көп адам: "Назымның жасы келді", - деп айтатын. Осы Олимпиадаға барған кезде әлемнің мықты-мықты деген спортшыларының бәрін көрдік. Көбінің жасы үлкен болса да, Олимпиадаға келіп, бақтарын сынап жатыр. Дзюдошы Елдос Сметовтің өзі үш Олимпиадасына барып, қоласын да, күмісін де, алтынын да алды.
Келесі Олимпиадаға төрт жыл бар десек те, уақыт жылдам өтеді. Бұйырса, келесі додаға қатысамын деп ойлаймын. Ал оған дейін әлем чемпионатына қатысып, үшінші мәрте топ жарғым келеді.
– Олимпиададағы жетістігіңізден кейін үйіңіздің алдына асфальт төседі ме?
– Үйге бардым, асфальт төселмеген. Асфальт төсемейтінін білдім, содан кейін жолды түзетіп өтсе де шүкір дегем (күлді).
Менің үйім орналасқан жақта әлі де болсын құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Мүмкін осы жұмыстар аяқталған соң, жолды жөндейтін шығар.
– Сұқбат бергеніңізге көп рақмет! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2149317-zhasy-keldi-degen-anggime-aitylatyn-boksshy-nazym-qyzaibaimen-ekskliuziv-suqbat/