Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) 2025 жылы бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионаты Қазақстанда өтетінін мәлімдеп, кейін ақпаратты өшіріп тастады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Кеше, 16 тамызда IBA 2025 жылы әлем біріншіліктері қай елдерде өтетінін хабарлады. Ұйымның ресми сайтында әйелдер арасындағы чемпионат 2025 жылы наурызда Белградта (Сербия), ал ерлер арасындағы чемпионат 2025 жылы мамырда Астанада (Қазақстан) болатыны туралы ақпарат жарияланды. Қазақстанның бокс федерациясы алғашында қыздар арасында әлем біріншілігін өткізуге өтінім бергені, бірақ кейін ерлер арасындағы чемпионатты өткізуді шешкені де айтылды.
Артынша бұл ақпарат IBA-ның ресми сайтынан өшіріліп, оның орнына 2025 жылы әйелдер арасындағы әлем чемпионаты Сербияда болатыны туралы хабарлама жарияланды. Ал ерлер арасындағы біріншілікті келесі жылы мамырда өткізуге көптеген ел өтінім бергені және турнир нақты қайда болатыны жыл соңына қарай анықталатыны хабарланды.
Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-ға мүше елдер 2028 жылы Олимпиада ойындарына қатыстырылмайтынын ескерткен еді. Сондай-ақ ХОК IBA-ны халықаралық федерация ретінде мойындамайтынын мәлімдеген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2150067-iba-bokstan-alem-chempionaty-qazaqstanda-otetinin-habarlap-keiin-aqparatty-oshirip-tastady/