Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Серік Сәпиев Олимпиада бағдарламасынан боксты алып тастау мәселесіне қатысты пікір білдірді

Жарияланған күні:

Серік Сәпиев
Серік Сәпиев. Скриншот: youtube.com/@newsroom99

Серік Сапиев YouTube желісіндегі Baige News арнасына берген сұқбатында 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарындағы бокс бәсекесінің болашағы жөнінде пікір білдірді. Сондай-ақ ол Қазақстан бокс федерациясының Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) шығуы туралы да ойын ортаға салды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев боксты төртжылдықтың басты бәсекесінен алып тастауға қарсы екенін айтты.

"Қазіргі уақытта IBA мен Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) арасындағы ортақ жұмысқа қатысты түсінбеушілік бар. Соңғы сессияда ХОК IBA-ны мойындамайтынын ашық айтты. Соңғы екі Олимпиаданы ХОК өткізді. IBA – өз алдына бөлек ұйым. Ол өзінің режимінде жұмыс істейді.

Менің ойымша, бокс Олимпиада бағдарламасынан шығарылмайды. Оны қалай шығаруға болады? Аралас жекпе-жек түрлері тіпті ежелгі Грекияда Олимпиялық ойындар қатарында болған. Бұл тарих. Олимпиада бағдарламасынан боксты шығаруға кімнің батылы барады? Әлемнің бәрі сол адамды айыптайтын шығар", - деді Серік Сапиев.

Сондай-ақ Серік Сәпиев сұқбат барысында бұл мәселені Ұлттық Олимпиадалық комитеттің басшысы Геннадий Головкинмен жеке талқыламағанын атап өтті.

"Жоқ, мен мұндай мәселелерді, сценарийлер мен жоспарларды талқылаған жоқпын. Біздің федерациямыздың жаңа құрылған World Boxing ұйымына өтуі қиын. Өйткені Қазақстан бокс федерациясы Азия конфедерациясының (ASBC) мүшесі. Мүмкін ASBC-ның әрекетіне байланысты біздің федерацияның пікірі өзгеретін шығар. Бірақ қазіргі уақытта біз Азия конфедерациясында қаламыз және IBA-ның мүшесіміз. Уақыт бәрін көрсетеді", - деді Серік Сәпиев.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 23 шілдесінде Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Халықаралық бокс қауымдастығын (ІВА) мойындалатын федерациялар тізімінен шығарып тастады.

Сондай-ақ, Халықаралық Олимпиада комитеті IBA мүшелері болып саналатын ұлттық федерациялардың боксшылары 2028 жылғы Олимпиада ойындарына қатыспайтынын мәлімдеген еді.

Осы жағдайға байланысты Ұлттық Олимпиадалық комитеттің басшысы Геннадий Головкин Қазақстан бокс федерациясына World Boxing ұйымына өтуді ұсынатынын айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2165340-serik-sapiev-olimpiada-bagdarlamasynan-boksty-alyp-tastau-maselesine-qatysty-pikir-bildirdi/