Қазақстан бокс федерациясы World Boxing ұйымының қатарына қосылу үшін ресми өтініш берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан бокс федерациясының Instagram желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан бокс федерациясы ұзақ талқылаулар мен сараптаманың нәтижесінде маңызды шешім қабылдады. Қазақстан бокс федерациясы World Boxing ұйымының қатарына қосылу үшін ресми өтініш берді. Бұл шешім бірінші кезекте отандық боксшылардың Олимпиадалық болашағымен тікелей байланысты.
"Қазір бокстың Олимпиада бағдарламасында қалу мәселесі ХОК деңгейінде талқыланып жатыр. Боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтап қалу мақсатында барлық елдермен ортақ жұмыс жасауға дайынбыз.
Бұл шешім боксты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді деп санаймыз.
World Boxing Олимпиадалық Комиссиясының төрағасы, Ұлттық Олимпиадалық Комитет президенті Геннадий Головкинмен кездесу барысында Отандық бокстың даму жолдарын талқыладық", - деді Қазақстан бокс федерациясының басшысы Шахмұрат Мүтәліп.
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясы (World Boxing) жаңа Олимпиадалық комиссиясының төрағасы атанған болатын.
Айта кетейік, World Boxing – Халықаралық бокс федерациясы. Ұйым 2023 жылдың сәуірінде құрылды. Қазіргі таңда ұйым құрамына әлемнің 44 мемлекетіндегі Ұлттық федерациялар енген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2166435-qazaqstan-boks-federatsiiasy-world-boxing-uiymyna-qosylu-ushin-resmi-otinish-berdi/