Жастар арасында Черногорияда және АҚШ-та өткен екі бірдей әлем чемпионатында жүлде еншілеген қазақстандық боксшылар бүгін, 5 қарашада елге оралды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Стамбұлдан бет алған боксшылар мінген ұшақ таңғы 05:00 шамасында Алматыға қонды. Спортшыларды қарсы алу үшін таңмен таласа тұрып, әуежайға жиналғандардың қарасы қалың болды. Олардың арасында боксшылардың жақындары, БАҚ өкілдері, спорт жанкүйерлері, сондай-ақ Қазақстан бокс федерациясы президенті Шахмұрат Мүтәліп те бар.
Гүл шоғы мен плакаттар ұстаған жұрт патриоттық әндер айтып, боксшыларды ерекше қошеметпен күтіп алды. Жастар құрамасының капитаны Төрехан Сабырхан бастаған спортшылар елге орала сала көпшіліктің құрметіне бөленді.
Қазақстан құрамасымен бірге Черногориядағы әлем біріншілігіне барып келген Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов боксшылардың жетістігі туралы айтты.
"Бұл әлем чемпионаты оңай болған жоқ. Қарсыластарымыз Өзбекстан, Ресей, Қытай сияқты құрамалар болды. Бірақ біздің жігіттер мен қыздар жарады. Медальдарды құлқыннан жұлып алып, 6 боксшымыз әлем чемпионы атанды. Бұл бұрын-соңды болмаған тарих", - деді Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов.
Черногорияның Будва қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке жеткен еді. Бұл жарыста қазақстандық боксшылар 6 алтын, 1 күміс, 10 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ құрама капитаны Төрехан Сабырхан үздік боксшы атанды.
Ал жаңадан құрылған World Boxing федерациясы ұйымдастырған алғашқы әлем чемпионатынан да қазақстандық боксшылар жүлдесіз қайтқан жоқ. АҚШ-тың Пуэбло қаласында өткен бәсекеден Асылхан Көшербай мен Даниял Райымбеков күміс медальмен оралды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2182983-alem-chempionatynda-top-zhargan-boksshylardy-qazaqstandyqtar-qalai-kutip-aldy-foto/