Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов IBA мен жаңадан құрылған World Boxing ұйымында салмақ дәрежелері жағынан айырмашылық бар екенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Жаңа жылдан кейін World Boxing ұйымына ауысып жатырмыз ғой. IBA-да 13 салмақта жүлде сарапқа салынса, World Boxing ұйымында 10 салмаққа дейін қысқарады. Ол жерде спортшылар 50, 55, 60, 65, 70, 75, 80, 85, 90, +90 килограмда ғана жұдырықтаса алады. Енді 48 бен 51 килограмдағы боксшылар 50 килограм салмақта мықтыны анықтайды. Барлық салмақта сондай. Бұл бәсекелестікті одан әрі шиеленестіретіні сөзсіз", - деді Сәтжанов.
Айта кетейік, қараша айының басында Қазақстан бокс федерациясы ресми түрде World Boxing-нің толыққанды мүшесі атанған еді. Бұл ұйымға Орталық Азия елдерінен Қырғызстан мен Өзбекстан да енді. Қазір оның құрамында 55 мемлекет бар.
26 қазан мен 2 қараша аралығында World Boxing алғаш рет әлем чемпионатын өткізді. Бұл жарысқа төрт қазақстандық боксшы қатысып, екеуі медаль еншіледі. Атап айтқанда, Асылхан Көшербай (65 кг) мен Даниял Райымбеков (85 кг) күміс жүлдеге қол жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2191130-bas-bapker-qairat-satzhanov-iba-men-world-boxing-arasyndagy-aiyrmashylyqty-aitty/