Қазақстан бокс федерациясы ресми түрде World Boxing ұйымының толыққанды мүшесі атанды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанның жаңа ұйымға қабылданғаны АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында өткен World Boxing (WB) халықаралық бокс федерациясының Конгресінде хабарланды. Қазір WB құрамында 55 ел бар.
Конгресс барысында ХОК мақұлдаған WB жарғысына енгізілген өзгерістер туралы пікірталас болды. Сонымен қатар жарыс өткізу регламентіне де енгізілген өзгерістер қабылданды. Атап айтқанда, турнирлер жаңа салмақ дәрежелерінде өткізілетін болады. Сондай-ақ, төрешілердің жекпе-жек барысындағы және жеңімпаздарды анықтау кезіндегі жұмысына да өзгерістер енгізілді.
Сондай-ақ World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Конгресс қатысушыларының алдында сөз алып, U19 жасөспірімдер арасындағы алғашқы әлем чемпионатын және Конгресті ұйымдастырғаны үшін US Boxing ұйымына алғыс білдірді.
Конгресс барысында Қазақстанның бокс федерациясы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі ретінде 2027 жылғы бокс бойынша әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді. Әлемдік ұйымның шешімі жақын арада белгілі болады.
Айта кетейік, World Boxing 2023 жылдың сәуірінде құрылған. Биыл қыркүйекте Қазақстан бокс федерациясы ұйым қатарына қосылуға ресми өтініш берген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2182751-qazaqstan-boks-federatsiiasy-resmi-turde-world-boxing-uiymyna-mushe-boldy/