Бокстан Қазақстан құрамасының физикалық дайындығына жауапты америкалық маман Кристофер Камачо командадағы жігіттердің жаттығуға деген ынтасына риза екенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Sportnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Кристофер Камачоның айтуынша, ол қазақстандық боксшылардың дайындығынан ерекше әсер алған.
"Қазақстандық боксшылармен жұмыс істегеніме өте қуаныштымын. Олардың дайындығы мені қатты әсерлендірді, себебі мен қазақ бокс мектебінің жанкүйерімін. Өзімнің тәжірибемді осы мектепке енгізуге тырысып жатырмын және жақын арада нәтижелерімізді көре аламыз деп сенемін.
Ал қазақстандық боксшылардың әлсіз жақтары туралы айтқым келмейді. Керісінше, функционалдық дайындық, қозғалыс, жылдамдық сияқты дағдыларды дамыту керек деп ойлаймын. Менің басты мақсатым – команданы жақсарту. Қазақстан құрамасы мен келгенге дейін де мықты команда болғанын атап өту керек", - деді Кристофер Камачо.
Естеріңізге сала кетейік, Кристофер Камачо Қазақстан құрамасына Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) президенті Геннадий Головкиннің шақыртуымен қосылды.
Камачо ұзақ жылдар бойы Геннадий Головкиннің кәсіпқой рингтегі жекпе-жектеріне дайындық лагерлерінде жұмыс істеген. Сонымен қатар ол ММА әлеміндегі Хабиб Нурмагомедов, Даниэль Кормье, Кейн Веласкес және Люк Рокхолд секілді танымал спортшыларға да физикалық дайындық бойынша көмектескен.
Сондай-ақ Таиландта өтетін Азия чемпионаты қарсаңында Қазақстанның бокс құрамасының физикалық дайындығына жауапты америкалық бапкер Кристофер Камачо жаттығу барысында қазақша сөйлеп жүрген видеосы желіде тараған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2193218-qazaq-boksynyng-zhankuierimin-ulttyq-quramany-daiyndap-zhatqan-amerikalyq-bapker-komandanyng-denggeii-turaly-aitty/