
Украиналық боксшы Александр Усик ағылшын Тайсон Фьюриді осымен екінші жекпе-жекте жеңіп, әлем чемпионы атағын қорғады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ауыр салмақтағы боксшылар (90,7 кг дейін) жекпе-жегі Эр-Риядта өткен ірі турнирдің көркіне айналды. Матч 12 раундқа созылды. Екі боксшы да рингте барын салды. Төрешінің үшеуі де Усикті жеңімпаз деп таныды - 116-112.
37 жастағы украиналық боксшы кәсіпқой бокста әлі жеңіліп көрген емес. Ол кәсіпқой рингте 23 кездесу өткізіп, 14 матчты нокаутпен аяқтады.
Усик ауыр салмақта WBA, WBC, WBO, IBO және The Ring нұсқалары бойынша чемпион атағын сақтап қалды.
Естеріңізге сала кетейік, Усик биыл мамырда Фьюриді жеңіп, әлем чемпионы атанған. Содан кейін украиналық IBF белбеуін босатты, қазір оны ағылшын Даниэль Дюбуа тағып жүр.
Фьюри кәсіпқой рингте осымен екінші мәрте жеңіліп отыр, екеуінде де Усикке есе жіберді. 36 жастағы ағылшын боксшысы 34 мәрте жеңіске жетіп (24 нокаут), бір мәрте тең түскен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2203266-usik-fiuridi-zhengip-alem-chempiony-atagyn-qorgap-qaldy/