Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Ділдәбеков жас боксшы Төрехан Сабырханның шеберлігі туралы пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Бірінші бол" сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жақында Қарағандыда өткен бокстан Қазақстан чемпионатының 67 кг салмақ дәрежесіндегі финалында Төрехан Сабырхан мен Санатәлі Төлтаев кездесуі керек болған. Бірақ Санатәлінің денсаулығының сыр беруіне байланысты жекпе-жек өтпей қалды,. Нәтижесінде Төрехан Сабырхан ел чемпионы атанып, ересектер арасындағы алғашқы жарысында топ жарды.
"Санатәлінің денсаулығы сыр беріп, оны түнде жедел жәрдеммен алып кеткен. Бұл әдейі жасалған дүние емес. Оны ауруханаға апарғанын білеміз, оны алып кеткенінің де видеосы бар. Халық көргісі келді екен деп ауырып жатқан баланы шаршы алаңға алып шықпайды ғой. Сондықтан бұл жерде артық әңгіменің қажеті жоқ деп ойлаймын.
Бірі түсінеді, бірі түсінбейді, бірі шоу іздейді, бірақ спортшының денсаулығымен ойнауға болмайтынын да ұмытпау қажет", - деді Мұхтархан Ділдәбеков.
Сондай-ақ Мұхтархан Ділдәбеков боксшы Төрехан Сабырханға өз салмағында тең келер боксшы жоқ екенін де баса айтты.
"Рас, дәл қазір Төрехан шынымен мықты. Бұл салмақта оған тең келетін боксшы жоқ, ешкім онымен шыққысы келмейді, артық соққы алғысы келмейді. Оның өнерін, әлеуетін өздеріңіз де көріп жүрген шығарсыздар. Жас та болса шебер екенін дәлелдеп келеді. Осындай боксшыларымыз көп болса, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында талай атой саламыз. 2028 жылғы Олимпиада ойындарында бар үміт осы жігіттерде", - деді Мұхтархан Ділдәбеков.
Айта кетейік, Мұхтархан Ділдәбеков 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарында күміс медаль жеңіп алған. Сондай-ақ 1999 жылы Хьюстонда өткен әлем чемпионатында да күміс медальді қанжығасына байлаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2205258-dal-qazir-torehan-myqty-muhtarhan-dildabekov-zhas-boksshynyng-sheberligine-qatysty-pikir-bildirdi/