Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өзіне емес, ерлігіне ғашық болдым": Бекзат Саттархановқа ән арнаған сазгер естеліктерін бөлісті

Жарияланған күні:

Бекзат Саттарханов
Жасындай жарқ еткен боксшы - Бекзат Саттарханов. Көрнекі сурет: liter.kz

Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов 2000 жылы 31 желтоқсанда жол апатынан қаза тапқан еді. Даңқты боксшының өмірден озғанына 2025 жылы 25 жыл болады. KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұқбатында марқұмның ең жақын жандары – анасы, досы, жаттықтырушысы әрі боксшыға ән арнаған сазгер спортшы жайлы ел естімеген естеліктерді айтып, тың деректерін бөлісті.

2000 жылы Сидней төрінде атой салып, қазақтың көк туын көкте желбіреткен Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бұл мақалада марқұмның анасы Сырлыкүл Саттарханова, олимпиада чемпионы Ермахан Ибрайымов, кезінде ұлттық құраманың бас бапкері болған Тұрсынғали Еділов және "Бекзат" әнінің авторы әрі орындаушысы Гүлнұр Өмірбаева жылы естеліктерін айтты.

Боксшының анасы Сырлыкүл Саттарханова Бекзаттың балалық шағы мен ұлының олимп шыңын бағындырған сәтінен бастады.

"Бала Бекзат өте алғыр, ақылды, жүрегі мейірімге толы, иманды бала болды ғой, жаным. Иә, жан-жағына шуағын шашып, достарына мейірімді, татулыққа шақырып жүретін бала болды деп айтамын. Өте көңілшек еді, бір қиналыңқырап тұрған балаларды көрсе үлкен болсын, кіші болсын әрдайым соларға көмектескісі келіп тұратын. Мектепте апайларының алғысын арқалаған шәкірті болды. Өте керемет сондай ұлы тәрбиелегеніме мен мақтанамын. 2000 жылы Сидней олимпиадасы күллі қазақ халқының, менің көз алдымнан кетпейтін жыл болды ғой деп ойлаймын.

Небәрі 20 жастағы Бекзат олимпиада чемпионы болып, қазақтың көк жалауын әлемге желбіретіп, "мен қазақтың ұлымын, мен қазақ елінің баласымен, менің елім бар, жерім бар, қазақ деген халқым бар" деп тұрған 20 жастағы жігіттің қуанған шағын халық еш уақытта естен шығара қоймас. Оның қуанып тұрған сәті әлі көз алдымда. Көк ту аспанда желбіреп, әнұран шырқалып жатқанда оның жүзін, көзіндегі мөлдіреп тұрған жасын көрсеңіз. Оны тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Біз үшін ертегілер елінде жүргендей кез ғой, халық та солай қабылдады. Сол сәт ешқашан ұмытылмайды, естен кетпейді", - дейді Сырлыкүл Саттарханова.

Сырлыкүл Саттарханова
Сырлыкүл Саттарханова. Скриншот: youtube.com/@uaqyt_korsetedi

Сиднейде қазақ боксшыларына бұйырған екі алтынның алғашқысын Бекзат Саттарханов алса, соңғысын Ермахан Ибрайымов еншілеген еді. Өмірде туған ағалы-інілі бауырлардай араласқан қос былғары қолғап шеберінің таныстығы мен сыйластығы да елден ерекше болғанға ұқсайды.

"1980 жылы туған жастар Аргентинада сәтті өнер көрсетіп, бәрінің ұлттық құрамаға ең алғаш кірген сәттері. Ол кезде Алматы қаласындағы Балуан Шолақ спорт сарайында бокстан халықаралық турнир жүріп жатыр. Мен рингтің маңында тұрмын, сол кезде ұлттық құрамаға кірген жастар – Нұржан Кәрімжанов, Бекзат Саттарханов, Серік Елеуов сияқты үш боксшы қасыма келіп тұрды да, менімен амандасып, өздерін таныстырды. Содан кейін "сізбен суретке түсейікші" дейді. Мен айттым: "Әрине, суретке түсеміз. Суретке түскен былай тұрсын, мен сендерді әлі әбден шаршатамын, мен сендерді әлі талай үлкен-үлкен белестерге жұмсаймын" деп бір күліп алып, Бекзатпен ең алғаш танысып, суретке түскен сәтіміз есімде.

Бекзат Саттархановтың ерекше боксшы екендігі ұлттық құрамаға кірген кезде бірден басталды. Ұлттық құраманың бас бапкері – Тұрсынғали Еділов Бекзатты бірінші нөмерлі спортшы ретінде үлкен-үлкен жарыстарға қатыстыру үшін қарастыра бастады. Мысалы, Бекзаттың салмағында Галиб Джафаров, Бақтияр Тілегенов сияқты мықты боксшылар болған. Бірақ олардың бәрін ысырып тастап, Азия чемпионатына Бекзат Саттархановты қосқан еді. Бекзат ешкімнің еңбегін жемей, еңбегін ақтап Азия чемпионатында күміс медаль алып, олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған еді. Бекзаттың ерекше қасиеттерінің бірі – еңбекқор. Екеуміз жарыстарға барғанда бір бөлмеде жататынбыз. Сол кезде бокс туралы көптеген сұрақ қойып, менің әбден мазамды алып, шаршататын. Сол кезде мен: "Бекзат, ұйықтайық, демалайық, бокс туралы әңгімені ертең жалғастырамыз" дейтін едім. Қазір ойлаймын, сонда Бекзат тек практикалық тұрғыда емес, теория жағынан да тәжірибе жинаған екен деп. Өмірде үлкендерді жақсы сыйлайтын. Қай жерде сұхбат берсе де "менің кумирім – Мұхамед Әли, Майк Тайсон" деп емес, "менің өмірдегі кумирім – Ермахан Ибрайымов" деп мені көтермелеп, солай сөйлейтін", - деп еске алады Ермахан Ибрайымов.

Ермахан Ибраимов
Ермахан Ибраимов. Фото: youtube.com/@ruslansport

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов 1997-2001 жылдар аралығында ұлттық құрамының бас бапкері қызметін атқарған еді. Дәл осы тұста қазақ боксшылары Сиднейде тарихи нәтиже көрсетіп, Бекзат Саттарханов олимпиада чемпионы атанғаны ел есінде.

"Бекзат Саттарханов ұлттық құрамаға 1998 жылы келді. Бірақ оның алдында «жастар құрамасында жақсы, талантты бала шығып келе жатыр» деген әңгімені естіп жүретінмін. Кейін Қостанайда өткен Қазақстан чемпионатында таныстық, оттай жанып тұратын. Бекзат бокс үшін туылған сияқты көрінетін, қолдары ұзын, аяқтары жіңішке еді. Жылдамдығы жақсы, содан кейін ақылды бокстасады, басы жақсы істейді. Адам ретінде үлкендерді сыйлап тұратын. Әңгіме айтсаң құлақ салып, өзін өте жақсы ұстайтын, еңбекқор болатын. Біреулер 10 жаттығу жасаса, ол 20 рет жаттығу жасайтын. Өмірде өте қарапайым болатын. Киген киіміңе оң бағасын беріп, әрдайым адамға жақсы сөз айтып тұратын. Өзі де әрқашанда тап-таза боп, жарқырап, түп-түзу жүретін", - дейді бапкер Тұрсынғали Еділов.

Фото
Тұрсынғали Еділов. Фото: Азаттық рухы

Ал 2000 жылдың 31 желтоқсанында күллі қазақ елі олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың жол апатынан қаза тапқаны туралы қаралы хабарды естіді. Бұл қайғылы жағдай боксшының ата-анасы, достары, ет-жақындары үшін оңай болған жоқ.

Сырлыкүл Саттарханова, Бекзат Саттархановтың анасы:

2000 жылдың 31 желтоқсан күні жаңа жылға небәрі 20 минут қалғанда Бекзат баламның дүниеден өтіп кеткені мен үшін өте ауыр. Қазір де менің жүрегім қиналып отыр. Бірақ мен Құдайға шүкір деймін, Алланың берген тағдырынан ешқайда қашып құтыла алмадық. Өзі берді, өзі алды. Бірақ қазақ еліне Бекзаттай батыр ұлдың есімін тастап кетті ғой. Сол баламның өмірден өткеніне міне 25 жыл болады. Өзі болса, ортада жүрсе 45 жасқа толар еді, өмір өтіп жатыр ғой. Бұл тақырып туралы мен өте ауыр, қиналып айтамын. Менің қолымнан келетіні, сол 31 желтоқсан күні Бекзатқа құран бағыштаймын. Есігім ашық, мен жыл сайын дайындаламын.

Ермахан Ибрайымов, Сидней олимпиадасының чемпионы:

Мен 2000 жылы Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Жақсылық ауылына жаңа жылды қарсы алу үшін арнайы әке-шешеме бардым. Сол кезде 1 қаңтарда облыстың МАИ басқармасы "Бекзат Саттарханов жаңа жылға 20 минут жетпей Темірлан ауылының маңында жол апатына ұшырап, қайтыс болыпты" деп әкеме хабарын айтыпты. Бірақ әкем маған бірден хабарын бермей, жаңа жылды қарсы алып болғаннан кейін 1 қаңтарда айтты. Мен көзіме жас алып, жылап, «айпырмай, қалай болды екен? Олимпиада чемпионы болып, қалай қайтыс болып кетуі мүмкін?» деп мен сенбей, сол түні әке-шешем бар, өзім, ағам төртеуіміз Түркістанға шығып кеткен едік. Түнделетіп барып, Бекзаттың әке-шешесіне жолығып, көңіл айтып, келесі күні жаназасына шыққан кезде еңіреп, жылап тұрған сәтім есімде. Бекзат Саттарханов екеуміздің алға қойған көптеген жоспарымыз бар еді. Алматыға көшуді жоспарлап жүр еді. Осы жоспардың бәрі іске аспай қалды. Әрине, өкінішті...

Тұрсынғали Еділов, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

Жаңа жылда үйде отырғанмын, білесіздер ғой, ол кезде ұялы телефондар ұстамайтын. Жаңа жылмен құттықтау үшін Мәскеудегі досыма хабарластым. Ол біздің елдегі жағдайды сұрап жатыр, ал мен бәрі жақсы, дұрыс екенін айттым. Сол кезде ол: "Қалай бәрі дұрыс? Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов қайтыс болды деп жатыр ғой, сен естімедің бе?" деді. Сол сәтте менің зәрем ұшқаны-ай... Олар Бекзаттың қазасын бізден бұрын естіп алған екен. Сондай жағдайды естідім, ол кезде өте қиын жағдайға ұрындық. Айтатын сөз де таба алмай қалдым ғой. Бұл енді нағыз орны толмас оқиға еді...

Бекзат Саттархановтың қазасына қайғырмаған қазақ жоқ. 20 жасында олимпиада чемпионы атанған жігітке сол сәтте жас әнші әрі сазгер Гүлнұр Өмірбаева "Бекзат" атты ән шығарып, арнайы бейнеклип те түсірген еді. Алайда аталмыш туындыны тыңдаған жұрт әнші ару мен боксшының арасындағы сезімнің болғанын айтып, ел арасында сыбыс тараған екен.

"Менің репертуарымдағы "Бекзат" әні 2001 жылы дүниеге келді. Бұл әннің тууына басты себеп – өсіп келе жатқан жас ұрпақ осы ән арқылы бойларына патриоттық сезімді ұялату мақсаты еді. Екіншіден, Бекзат Саттарханов тек спорт әлемінде ғана емес, ән әлемінде де Бекзаттың аты айтылу мақсатында жазылды. "Бекзат" әні ол қайтыс болғаннан кейін өмірге келді. Бекзат қайтыс болғанда ол туралы материалдарды жинай бастадым. Бір күні Бекзат түсіме кіріп, "Гүлнұр, сен менің ертеңгі болатын тойыма қатыспайсың ба?" деп айтты. Үстінде қара былғары күртешесі бар. Мен сол сәтте "қандай той?" деп оянып кеттім.

Қазір ойлап отырсам, Бекзатты еске алуға арналған кештерде айтылатын ән болсын деп жазылған шығар деп ойлаймын. 2000 жылы Сидней олимпиадасының чемпионы атанған Ермахан Ибрайымов өзімнің жерлес ағам. Сол кісі алтын алғанда ауылда үлкен той жасады. Сол тойда мен Бекзат Саттархановты алғаш және соңғы рет көргенім болды. "Бекзат" әні жарыққа шыққанда көп тыңдарман Бекзат екеуміздің арамызда махаббат сезімі болды деп әңгімелер айтты, бірақ біздің арамызда ешқандай сезім болған жоқ. Сөздің ашығын айтқанда, мен Бекзаттың өзіне емес, ерлігіне ғашық болдым", - дейді "Бекзат" әнінің авторы әрі орындаушысы Гүлнұр Өмірбаева.

Бекзат Саттархановтың ерлігін бағалағандар оның есімін әнге қосса, жыл сайын әйгілі боксшының құрметіне орай туған жерінде жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтеді. Алайда марқұмның анасы олимп шыңын бағындырған батыр ұлына мемлекет тарапынан тиісті марапат беріліп, оның спорттық жолдағы жетістігін дәріптеу тек Түркістан облысымен шектелмесе деген ойда.

"Менің арманым – Бекзатқа "Халық қаһарманы" атағы берілсе екен. 20 жасында қазақтың көк туын сонау биікке көтерген батыр ғой. Менің балама 5 жылдан кейін «Халық қаһарманы» атағын берем деген, мен соны армандаймын. Неге сол атақты бермейді? Соңынан ерген жастар соған еліктер еді. Бекзат Саттархановқа қатысты іс-шаралар тек Түркістанда ғана өтіп жатады. Бекзаттың туған күніне орай жастар арасында турнир өтеді. Бекзат Саттарханов атындағы көше бар, Бекзаттың өзі туып-өскен жерде баламның атында мөлтек ауданы бар. Бірақ Бекзат Саттарханов тек қана Түркістанның көк жалауын олимпиада шыңына көтерген жоқ қой, ол күллі қазақ елінің көк туын көтерді. Неге Бекзат Саттархановқа қатысты іс-шаралар тек Түркістанда ғана өтеді екен? Мен анамын ғой, бірақ бұл ой ешкімнің ойына кірмейді-ау деп ойлаймын. Себебі Бекзаттың өзі жоқ, бар болса мүмкін айтар еді...", - деп сөзін түйіндеді Бекзат Саттархановтың анасы.

Автор: Серікқазы Аязбаев

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2207091-ozine-emes-erligine-gashyq-boldym-bekzat-sattarhanovqa-an-arnagan-sazger-estelikterin-bolisti/