Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бәрі маған қарсы болды": танымал ММА спортшысы Алматыдағы жекпе-жегінің нәтижесімен келіспейтінін айтты

Жарияланған күні:

Мұратбек Қасымбай мен Мохаммед Хейбати
Мұратбек Қасымбай мен Мохаммед Хейбати. Скриншот: instagram.com/all.stars.boxing.kz

Танымал ММА спортшысы Мохаммед Хейбати қазақстандық спортшы Мұратбек Қасымбайға қарсы өткен соңғы жекпе-жегінің нәтижесімен келіспейтінін жеткізді. Бұл туралы Мохаммед Хейбати Sport24 YouTube арнасына берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

27 желтоқсанда Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кешенінде All Stars Boxing промоутерлік компаниясының бокс кеші өткен болатын. Кештің басты жекпе-жегінде "Қазақ терминаторы" лақапатымен танымал Мұратбек Қасымбай (13-4) мен көпшілік қауым "Перс" деп танитын Мохаммед Хейбати (5-5) бокс ережесі бойынша кездесу өткізді. Нәтижесінде Мұратбек Қасымбай қарсыласымен тең түсті.

"Мен төрешілердің шешімімен мүлде келіспеймін. Себебі бұл жекпе-жекте бәрі маған қарсы болды. Бірақ мен мұның бәріне дайын болдым, барынша байсалды болуға тырыстым.

Мен жекпе-жекте жеңгенімді білемін. Төртінші раундта оны құлатуға тырыстым. Бірақ біз баспен соқтығысып қалдық. Мен өзіме: "Неге асығып жатырсың? Ойлану керек еді!" - дедім. Кейін төрешілердің маған қарсы екенін сездім. Жекпе-жек басталғанда шабуылға шығып, оны нокдаунға түсіремін деп ойладым. Бірақ бұл да болмады.

Әр раундты 10-20 секунд ерте аяқтайтындарын байқадым. Олар мені әділетсіз түрде жеңуге тырысты. Егер мен жеңсем, үлкен шу болатынын түсінді", - деді Мохаммед Хейбати.

Айта кетейік, қос спортшы алғаш рет 2020 жылы кездескен еді. Ол кезде жекпе-жек ММА ережелері бойынша өтіп, Мохаммед Хейбати төрешілер шешімімен жеңіске жеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2208725-bari-magan-qarsy-boldy-tanymal-mma-sportshysy-almatydagy-zhekpe-zhegining-natizhesimen-kelispeitinin-aitty/