"Таңғалып отырмын": Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Танымал қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы кезекті жекпе-жегінің алдында допинг дауына ілікті. Бұған қатысты спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жәнібек Әлімханұлы бұл өзі үшін де күтпеген жаңалық болғанын мәлімдеді.
"Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны жақсы білесіздер. Мен таза спортты насихаттап жүргенімді де білесіздер. Жаңалықты оқып таң қалып отырмын.
VADA бірінші рет анализ алып бәрі таза деп еді. Мен витаминдеріме де тамағыма да ешқандай өзгеріс енгізбедім.
Екінші рет тестте неге мұндай болғанын түсінбей отырмын, біз қайта анализ тапсыруға өтініш айттық. Жауабын күтіп отырмыз!" - деп жазды боксшы Instagram-дағы парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, 7 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы кубалық Эрисланди Ларамен орта салмақтағы WBO, IBF және WBA белбеулері үшін біріккен титулдық жекпе-жек өткізеді деп жоспарланған еді.
Алайда кеше дереккөз сілтеме жасаған The Ring журналы Instagram-дағы парақшасында қазақ боксшысының VADA тестінен өтпей қалғанын, тыйым салынған препараттарға тапсырған сынамасының нәтижесі дұрыс шықпағанын, жекпе-жек өтпеуі мүмкін екенін жазды.
Кейінірек Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) Жәнібек Әлімханұлының допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткенін растап, бұл туралы хабарламаны 2 желтоқсанда Ерікті допингке қарсы қауымдастықтан (VADA) алғанын және ішкі тергеу процесі басталғанын хабарлады.
WBO боксшы мен оның өкілдеріне түсініктеме беру жөнінде хабарлама жіберілетінін жеткізді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз