Астанада 2027 жылы бокстан әлем чемпионаты өтеді
Жарияланған күні:
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram желісіндегі парақшасында елордада 2027 жылы бокстан әлем чемпионаты өтетінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қала әкімі World Boxing президенті Геннадий Головкинмен және World Boxing бас хатшысы Том Диленмен кездесті.
"Елордамыз әлемдік бокстың орталығына айналмақ – Астанада 2027 жылы бокстан әлем чемпионаты өтеді. Бұл – қала үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік.
Бокс – Қазақстанның болмысымен біте қайнасқан спорт түрі. Бұл – қайсарлықтың, тәртіптің және жеңіске деген жігердің көрінісі", - деді әкім.
Кездесуде әлем чемпионатына дайындық, спорт инфрақұрылымының әзірлігі және алдағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
"Мемлекет басшысы еліміздің бокстағы әлеуеті өте жоғары екенін, бұл жетістіктер халықаралық спорт аренасында мойындалғанын атап өтіп, "алдымызда боксты ұлттық спорт түріне айналдыру міндеті тұр" деген болатын.
Бокстан әлем чемпионаты тек ауқымды спорттық дода ғана емес, қазақстандық бокстың жоғары деңгейін тағы бір мәрте айқындайтын маңызды іс-шара боларына сенімдімін. Чемпионатты ең жоғары деңгейде өткізу үшін бар күш-жігерімізді саламыз", - деді Жеңіс Қасымбек.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2378526-astanada-2027-zhyly-bokstan-alem-chempionaty-otedi/