2026 жылғы Азиадаға қатысатын бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының тізімі жарияланды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин Ұлттық олимпиадалық комитетке берген сұхбатында Азия ойындарына баратын команда құрамын жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Соңғы рет Қазақстан әйелдер құрамасы Қытайдың Гуйян қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде өнер көрсетті. Сол бәсекеде Назым Қызайбай (54 келіге дейін), Виктория Графеева (60 келіге дейін) алтын алса, Аида Әбікеева (65 келіге дейін), Валерия Аксенова (80 келіге дейін) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) жарысты қола медальмен аяқтады.
Енді ұлттық құрама 2026 жылғы Азия ойындарына дайындықты бастады. Бас бапкер Елдос Сайдалин құрлықтық жарысқа баратын спортшылардың есімін атап, іріктеу жүйесі жайлы айтып берді. Оның сөзінше, қазіргі таңда Азия ойындарына қатысатын боксшылардың тізімі толық анықталды. Олар:
- Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін)
- Назым Қызайбай (54 келіге дейін)
- Виктория Графеева (60 келіге дейін)
- Аида Әбікеева (65 келіге дейін)
- Наталья Богданова (75 келіге дейін).
"Спортшыларды іріктеу барысында өткен жылғы әлем чемпионатының, биылғы әлем кубогы кезеңдерінің нәтижелері ескерілді", - деді маман.
Елдос Сайдалин Азиядағы әйелдер боксының даму қарқынына баға беріп, құрлықтағы жетекші құрамалардың әлеуетіне тоқталды. Сонымен қатар ұлттық құраманың алдағы дайындық жоспары мен негізгі кезеңдері туралы айтып берді.
"Азияда әйелдер боксы қарқынды дамып келеді. Бұл құрлықта мықты қарсыластар өте көп. Мысалы, Қытай мен Үндістан құрамаларын атап өтуге болады.
Қазір ұлттық құрама АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. 4 тамызда елге ораламыз. Одан кейін спортшылар жеке дайындалып, аздап тынығады. Ал 16 тамызда кезекті оқу-жаттығу жиыны басталады. Оған Ресей мен АҚШ құрамалары қатысады. 9 қыркүйекте Жапонияға аттанамыз. Сол жерде шешуші дайындық кезеңі өтеді", - деді Елдос Сайдалин.
Сонымен қатар Елдос Сайдалин алдағы Азия ойындары қарсаңында ұлттық құраманың басты мақсатына тоқталып, спортшылардың қазіргі дайындығына баға берді.
"Барлығы жоспарға сай жүзеге асып жатыр. Қыздардың көңіл күйі жақсы, денсаулықтары қалыпты, ешкімнің жарақаты жоқ. Біз жарысқа тек жоғары нәтиже көрсету үшін барамыз. Әрбір спортшы өз мүмкіндігін толық пайдаланып, бар күшін салуға дайын. Сондықтан алдағы сыннан жоғары нәтиже күтеміз", - деп түйіндеді бас бапкер.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2407848-2026-zhylgy-aziadaga-qatysatyn-bokstan-qazaqstan-aielder-quramasynyng-tizimi-zhariialandy/
