jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Геннадий Головкин халықаралық спортта жаңа басқарушы қызметке сайланды

    Геннадий Головкин
    Геннадий Головкин. Фото: By Ben McShane/Sportsfile via Getty Image

    Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) вице-президенті болып сайланды, деп хабарлайды Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Сайлау 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтіп жатқан ISSA-ның 15-Бас ассамблеясы аясында өтті.

    Геннадий Головкин 2026-2029 жылдарға арналған Атқарушы комитет құрамына Азия және Еуропа өңірлеріне жауапты вице-президент ретінде тағайындалды.

    Геннадий Головкин жаңа қызметінде Азия мен Еуропадағы Ұлттық Олимпиадалық комитеттердің атынан ISSA жұмысына қатысады. Ол қауымдастықтың алдағы жұмыс бағыттарын белгілеуге, Ұлттық Олимпиадалық комитеттерге қолдау көрсетуге, спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға және ISSA-ға мүше елдер арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосады.

    Ал ISSA президенті қызметіне Сауд Арабиясының спорт министрі, елдің Олимпиада және Паралимпиада комитетінің басшысы, ханзада Абдулазиз бин Турки Әл-Фейсал қайта сайланды. Африка және Латын Америкасы өңірлеріне жауапты вице-президент қызметіне Марокко өкілі Наваль Эль-Мутавакель тағайындалды.

    Геннадий Головкиннің ISSA басшылығына сайлануы оның халықаралық спорт саласындағы қызметінің жаңа кезеңіне жол ашты. Ол 2024 жылдың ақпанынан бері Қазақстан ҰОК президенті қызметін атқарып келеді.

    2025 жылдың қарашасында Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланған еді. Осылайша, ол Олимпиадалық спорт түрлері бойынша халықаралық федерацияны басқарған тұңғыш қазақстандық атанды.

    Айта кетейік, Ислам ынтымақтастығы Спорт қауымдастығы Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің Ұлттық Олимпиадалық комитеттерін біріктіреді. ISSA-ның жоғарғы заң шығарушы органы – Бас ассамблея. Қауымдастықтың ұйымдастыруымен өтетін басты спорттық додалардың бірі – Ислам ынтымақтастығы ойындары.

    Геннадий Головкин халықаралық спортта жаңа басқарушы қызметке сайланды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram