Қазақстандық дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг Токио Олимпиадасында жеңіліс тапты деп хабарлайды Olympic.kz.
24 шілде қазақстандық спортшылар өнер көрсететін жарыс кестесіне сәйкес, таңғы сегізде Токиодағы Олимпиада ойындарында дзюдо бойынша белдесулер басталған болатын. Қазақстандық дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг алғашқы айналымда ұтылып қалды.
Әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен ол алғашқы айналымда қытайлық Ли Янанмен кездескен. Екеуара кездесу қытайлық балуанның еншісіне шешіліп, Галбадрах Отгонцэцэг Токио Олимпиадасын бірінші айналымда аяқтады.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық спортшылар Токиода өтетін Олимпиадада 24 шілде күні спорттың жеті түрінен сынға түсетінін жазған едік.
Одан бөлек, ойынның салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің туын көтеріп шыққан Ольга Рыпакованың қазақша стильдегі көйлегі әлем жанкүйерлерінің жоғары бағасына ие болғанын жазған болатынбыз.
Сонымен қатар, Токиодағы Олимпиада ойындарында академиялық есуден іріктеу сыны басталып, Қазақстан командасының өкілі Владислав Яковлев іріктеудің бірінші айналымын үшінші орынмен аяқтағанын жазғанбыз. Оның уақыт көрсеткіші - 7:10.08.
Іріктеудің бірінші айналымында Даниялық Сверре Нильсен көш бастады. Екінші орынды Дженнаро Альберто ди Мауро иеленген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/1923719-tokio-olimpiadasy-dzyudosy-galbadrax-algasqy-ainalymda-zenilip-qaldy/