Дзюдодан Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық балуан Мағжан Шамшадин бірінші белдесуінде ұтылып қалды. Кейін ол жеңілісінің себебін түсіндірді, деп жазады Спорт дирекциясына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Мағжан Шамшадин 60 келі салмақта белдесті. Ол алғашқы айналымда италиялық Анжело Пантаномен кездесіп, "ваззари" ұпайымен ұтылып қалды.
Осы орайда, дзюдошы бапкерлердің тактикасын дұрыс орындамағанын айтты.
"Ағайымның айтқан тапсырмасын дұрыс орындамадым. Тұрып қалмай, қарсыласымды қозғалтуым керек еді. Тактиканы, айла-тәсілді дұрыс қолданбадым. Ағайларымнан, қазақстандықтардан кешірім сұраймын. Бұл жолы бақ шаппады. Енді қателіктерді дұрыстау үшін жұмыс істейміз. Қарсыласымның физикалық жағдайы менімен бірдей, жаттығу жиындарында күресіп жүрдік", - деді Мағжан.
Сұхбат барысында спортшының көз жасын әрең ұстап тұрғанын байқауға болады. Ал желі қолданушылары оның намысты ұл екенін алға тартып, болашақта биіктен көрінуіне тілектестік білдіруде.
Еске сала кетейік, Мағжан Шамшадин дзюдодан Гран-при турнирінің жеңімпазы, Азия чемпионатының қола жүлдегері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/1991717-kesirim-suraimyn-alem-birinsiliginde-zenilip-qalgan-qazaq-baluany-koz-zasyn-aren-ustady-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.