Ханчжоудағы Азия ойындарында Қазақстан атынан қатысып жатқан балуандар Айдос Сұлтанғали мен Азат Садықов қола жүлде үшін күреседі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
60 келіде ел намысын қорғаған Айдос Сұлтанғали жартылай финалда былтырғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Аята Сузукиге (Жапония) есе жіберді. Енді қола медаль үшін Сын Римен (Солтүстік Корея) күреседі.
77 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап жатқан Азат Садықов Кодай Сакураба (Жапония) мен Висит Тамвиратты (Таиланд) еш қиындықсыз жеңгенімен, жартылай финалда Токио олимпиадасының күміс жүлдегері, 2 дүркін әлем чемпионы Ақжол Махмұдовтан (Қырғызстан) ұтылып қалды. Қола жүлде үшін Софак Кеомен (Камбоджа) сынға түседі.
Мақсат Сайлау (87 кг) алғашқы белдесуінде Хиеу Динь Нгиемді жеңді. Алайда ширек финалда әлем чемпионатының екі, Азия чемпионатының 4 дүркін жүлдегері өзбек палуаны Жалғасбай Бердімұратовқа есе жіберді. Енді ол қола медаль үшін Масато Сумимен (Жапония) шеберлік байқасады.
Айта кетейік, бұған дейін қазақ балуаны Мейіржан Шермағанбеттің Азия ойындарының финалына шыққанын хабарлаған едік.
Отандық спортшы жартылай финалда 0:7 есебімен ұтылып келе жатқан. Алайда кездесудің соңына қарай ирандық қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, жеңіске жетті.
Шермағанбет ақтық сында жапондық спортшымен кездеседі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2039449-aziya-oiyndary-aidos-sultangali-men-azat-sadyqov-qola-usin-kuresedi/