Қазақстандық балуан Асыл Айтақын Бішкекте (Қырғызстан) өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатында күміс медаль иеленді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Еркін күрестен 61 кг cалмақта бақ сынаған Асыл Айтақын финалда қырғызстандық балуан Тайырбек Жұмашбекұлымен кездесіп, 1:3 есебімен жеңіліп қалды.
Айта кетейік, Асыл ширек финалда моңғолиялық балуан Енкхбол Енхбатты 11:0 есебімен жеңсе, жартылай финалда Акаш Дахиядан да (Үндістан) 11:0 есебімен басым түскен еді.
Сондай-ақ бүгін, 12 сәуірде тағы екі қазақстандық балуан Бішкек боз кілеміне шығады. Сырбаз Талғат (74 кг) ирандық Хусейн Абузарипасхолаимен қола жүлдені сарапқа салады. Ал Азамат Дәулетбеков (86 кг) Өзбекстан өкілі Жавраил Шапиевпен алтын медальге таласады.
Еске салайық, кеше, 11 сәуірде Қазақстан құрамасының қоржынына 2 жүлде түсті. Мейрамбек Қартбай (57 кг) қола медаль, Ризабек Айтмұхан (97 кг) күміс медаль еншілеген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2083946-asyl-aitaqyn-qyrgyzstandyq-baluannan-zenilip-kumis-zulde-ielendi/