Стамбұлда (Түркия) өтетін соңғы лицензиялық турнирде Қазақстан намысын қорғайтын грек-рим күресінің шеберлері анықталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Біріккен күрес әлемі (UWW) жариялаған тізімге сәйкес, соңғы лицензиялық турнирде Қазақстан атынан Дін-Мұхаммед Қошқар (67 кг) мен Юсуф Мациев (97 кг) бақ сынайды.
Дін-Мұхаммед Қошқар Қазақстан чемпионатының финалында Мейіржан Шермаханбеттен ұтылған еді. Ол екінші нөмірлі спортшы ретінде Бішкектегі Азия чемпионатына қатысқан жоқ.
Ал Юсуф Мациев Азия біріншілігінің финалында Олимпиада ойындарының қола жүлдегері және әлем чемпионы Мохаммадхади Саравиден (Иран) жеңіліп, күміс жүлде иеленді.
Айта кетейік, еркін күрестен Қазақстан командасының бас бапкері Мадияр Құрамысов соңғы лицензиялық жарысқа кімдер қатысатынын айтты. Сондай-ақ Стамбұлдағы турнирде әйелдер күресінен Қазақстан намысын қорғайтын балуандар да белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2093561-kuresten-olimpiadaga-zholdama-beretin-songgy-turnirde-qazaqstan-namysyn-kim-qorgaidy/