Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Олар – менің інілерім": Елдос Сметов өз салмағындағы командаластарын қарсылас санамайтынын айтты

Опубликовано:

Елдос Сметов
Елдос Сметов. Фото: olympic.kz

Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов өз салмағындағы бәсекелестік туралы сөз қозғады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері, әлем және Азия чемпионы Елдос Сметов 60 кг салмақ дәрежесінде белдеседі. Бұл салмақта ұлттық құрама сапында Мағжан Шамшадин, Нұрқанат Серікбаев сынды дзюдошылар бар.

"Өз салмағымдағы командаластарымды өзіме қарсылас көрмеймін. Себебі, олар – менің інілерім. Оларға үнемі жол көрсетіп жүремін. Мұны өз міндетім деп ойлаймын. Ізімнен ерген спортшылар әлемдік жарыстарда көзге түссе, қатты қуанамын. Спортшы ретіндегі пікірім осындай. Міне, бүгін Мағжан Шамшадин бауырым Душанбедегі турнирде күміс медаль алды. Нұрқанат Серікбаев Тбилисидегі турнирде топ жарды.

Осы Астанадағы жарыстан соң, әлем чемпионатына баратын құрам жасақталады. Шыны керек, менің оларға пайдам тимесе, зияным тимейді. Мен оларға шеберлігіммен бөлісіп, ағалық ақылымды айтамын. Өзара спорттық бәсекелестік болғанымен, өмірде бауырмыз. Әлеуметтік желіде алып-қашпа әңгіме көп. Бұл жерде бәрін рейтинг шешеді. Ешкімді атақ-абыройына қарап апармайды жарысқа. Бәсекелестік өте жақсы дүние. Соның арқасында спортшылар өседі", - деді Сметов. 

Айта кетейік, Елдос Сметов 10-12 мамыр аралығында дзюдодан Астанада өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына қатысады. Бұл турнир Париж Олимпиадасына ұпай беретін соңғы рейтингілік бәсеке саналады. Бірінші орын үшін 1000, екінші орын үшін 700, ал үшінші орынға 500 ұпай есептеледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2095751-olar-mening-inilerim-eldos-smetov-oz-salmagyndagy-komandalastaryn-qarsylas-sanamaitynyn-aitty/

pixel