Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"15 жыл күттім": қазақстандық балуан 28 жасында алғаш рет Олимпиадаға қатысады

Опубликовано:

Айдос Сұлтанғали
Айдос Сұлтанғали. Фото: olympic.kz

Грек-рим күресінің шебері Айдос Сұлтанғали 28 жасында алғаш рет Олимпиадаға аттанғалы отыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Айдос Cұлтанғали – Қызылорда күрес мектебінің түлегі. Ол 2012-2017 жылдар аралығында кадеттер, жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында топ жарып, әлем біріншілігінде жүлде алған. Ересектер қатарына өткен соң қызылордалық балуан ең жеңіл олимпиадалық салмақ – 60 килограмға ауысып, ұлттық құрамаға қабылданды. 

2018 жылы Айдос Венгрияның Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында грек-рим күресінен 60 килограм салмақта қола медаль жеңіп алды. Кейін 2021 жылы Алматыда өткен Азия біріншілігінде топ жарды. Карантиннің қиындығына қарамай өткізілген құрлық додасындағы жеңіс Токио Олимпиадасына жол ашқандай көрінген. Алайда бапкерлер Олимпиадаға Айдос Сұлтанғалиді емес, Мейрамбек Айнағұловты жіберуді жөн көрді. Осылайша олимпиадалық циклде әлем чемпионаты мен Азия біріншілігінен жүлде алған Сұлтанғали төртжылдық додасына қатыса алмаған еді.

Десе де араға үш жыл салып, Айдос биыл Бішкекте (Қырғызстан) өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия құрлығының іріктеу турнирінде Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.

"Грек-рим күресінен екінші сыныптан бастап шұғылданып келем. Осы уақыт аралығында тек чемпион болуды, Олимпиадада бақ сынауды мақсат еттім. Иә, түрлі қиындықтар болды. Спорт болған соң, өмір  болған соң, бұл заңды да... Шыны керек, осы Олимпиаданы 15 жыл күттім. Қандай қиындық кездессе де, мойығаным жоқ. Өйткені, менің Олимпидаға қатыссам, Олимпиадада топ жарсам деген тәтті арманым бір сәтке де ойымнан шыққан емес. Бәрінің сәті биыл туып, Бішкекте өткен лицензиялық турнирде жеңіске жеттім. Тағы да қайталап айтам, мен түбі Олимпиадаға баратыныма сенгенмін", - деді балуан.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы күрес түрлерінен Париж Олимпиадасының 7 жолдамасына қол жеткізді. Оның төртеуі грек-рим, үшеуі еркін күресте.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2112795-olimpiadany-15-zhyl-kuttim-qazaqstandyq-baluan-28-zhasynda-algash-ret-olimpiadaga-qatysady/