Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазіргі деңгей осындай": әлем чемпионатының қола жүлдегері қазақстандық балуандарды сынады

Жарияланған күні:

Эльмира Сыздықова
Эльмира Сыздықова. Фото: instagram.com/qaz_olympics

Әйелдер күресінен Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет Олимпиада ойындарына қатыспайды. Өйткені бірде-бір спортшы жолдама иелене алмады. Мемле­кет­тік жаттықтырушы, әйел­дер күресінен ұлттық құ­ра­маның бұрынғы мүше­сі Айым Әбділдина бұл жағдайға не себеп болғанын айтты, деп хабарлайды Sportbugin.kz сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

2016 жыл­ғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Айым Әбділдинаның пікірінше, әйелдер күресінен Қазақстан ко­ман­дасының Олимпиадаға бірде-бір лицензия алмауының себебі – шетелде өтетін жат­тығу жиындарының аздығы мен бап­керлер біліктілігінің төмендігі.

"Менің күрестен кеткеніме көп бол­­ды. Қазір мемлекеттік жаттықтыру­шы болып қайта оралдым. Қыздары­мыз­дың Париж Олимпиадасына қа­тыс­пайтыны жанымызға батады. Бірақ амал жоқ. Қазіргі деңгей осын­дай. Меніңше, ең бірінші кезек­ті бапкерлердің біліктілігін арттыру керек. Бәрі ескі әдіс-тәсілдермен жұ­­мыс істейді. Бізге жаңашылдық ке­рек деп ойлаймын.

Екіншіден, тәжірибелі балуандар ко­мандадан кеткен соң жаңа буыннан жарқырап ешкім шыққан жоқ. Жәмила Бақ­бергенова ғана жетістігімен қуант­ты. Қалған жас спортшылар өз әлеуетін көрсете алмады. Яғни, бізде резерв мә­се­лесі әуелден бар.

Үшіншіден, әйелдер күресі бізде ай­тарлықтай жақсы дамымаған. Біз күре­сіп бастағанда да жағдай осындай еді. Бірақ біздің буынның өкілдері шет­елде, тіпті мына Ресей мен Беларусьта өте­тін жат­ты­ғу жиындарына көп қа­тыс­ты. Со­лар­мен төбелесіп жүріп, кү­ре­­суді үйреніп алғанбыз. Бұлай айтсам, бап­кер­лер ренжитін шығар. Алайда бұл – шын­дық.

Ал қазіргі құраманың қыздарын шет­елдегі жарыстар мен жаттығу жиын­дарына апармайды. Нәтиженің тө­мендеуіне осы да үлкен себеп. Қаражат бөлініп жа­тыр, соны ретімен игеру керек", - деді Айым Әбділдина.

Еске салайық, тарихта алғаш рет әйелдер күресінен Қазақстан құрамасы Олимпиадаға қатыспайтынын жазған едік. Команда өкілдері Ханчжоудағы жаз­ғы Азия ойын­дарында, Бішкектегі және Ыстан­бұл­дағы лицензиялық турнирлерде бақ сынағанымен, жолдама иелене алмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2129550-qazirgi-denggei-osyndai-alem-chempionatynyng-qola-zhuldegeri-qazaqstandyq-baluandardy-synady/