Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов Франция астанасы Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында екінші белдесуін өткізді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Елдос Сметов 1/8 финалда украиналық Дильшот Халматовпен кездесті. 60 кг салмақ дәрежесіндегі белдесуде қазақстандық дзюдошы "ваззари" ұпайы бойынша басым түсті. Елдостың ширек финалдағы қарсыласы – тайпейлік спортшы Янг Юнг Вей.
Айта кетейік, Елдос Сметов алғашқы белдесуін Нидерланд спортшысы Торнике Цякадоеаға қарсы өткізген еді. Екі дзюдошы негізгі уақытта өзара мықтыны анықтай алмады. Ал қосымша уақытта Елдос қарсыласының үш рет ескерту алуына байланысты жеңіске жеткен болатын.
32 жастағы Елдос Сметов үшінші рет Олимпиадаға қатысып жатыр. Ол Рио-2016 бәсекесінде күміс, Токио-2020 додасында қола медаль еншілеген еді. Сметов маусымда үш қазақстандық дзюдошының арасында өткен іріктеу белдесулерінде жеңіске жетіп, Париж Олимпиадасына жолдама алған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2140530-eldos-smetov-olimpiadanyng-shirek-finalyna-shyqty/