Дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасының мүшесі Ғұсман Қырғызбаев Франция астанасы Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында алғашқы белдесуін өткізді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Ғұсман Қырғызбаев 1/16 финалда испаниялық дзюдошы Дэвид Гарсиямен кездесті. 66 кг салмақ дәрежесінде өткен белдесуде қазақстандық дзюдошы қосымша уақытта "вазари" ұпайымен жеңді. Енді Қырғызбаев 1/8 айналымда Оңтүстік Корея өкілі Ан Баулмен белдеседі.
Айта кетейік, Ғұсман Қырғызбаев – 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 және 2022 жылдары өткен Азия біріншіліктерінің қола медаль иегері.
Кеше, 27 шілдеде Париж татамиіне қазақстандық екі дзюдошы шыққан еді. Әбиба Әбужақынова (48 кг) қола жүлдеге таласта Швеция өкілі Тара Бабулфаттан жеңіліп қалды. Ал Елдос Сметов (60 кг) финалда франциялық дзюдошы Лука Мхеидзені жеңіп, Олимпиада чемпионы атанған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2140881-dziudoshy-gusman-qyrgyzbaev-parizh-olimpiadasyn-zhengispen-bastady/