Қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев Франция астанасы Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының жартылай финалына өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
66 кг салмақ дәрежесінде бақ сынап жатқан Ғұсман Қырғызбаев ширек финалда Олимпиада қожайыны – Франция құрамасының спортшысы Валид Кхярмен белдесті. Бұл бәсекеде қазақстандық дзюдошы "иппон" әдісімен басым түсті.
Валид Кхяр – әлем чемпионатының және Еуропа біріншілігінің жүлдегері. Ал Ғұсман Қырғызбаев – 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 және 2022 жылдары өткен Азия біріншіліктерінің қола медаль иегері.
Енді Ғұсман Қырғызбаев жартылай финалда бразилиялық спортшы Виллиан Лимамен кездеседі. Жартылай финал Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады.
Қырғызбаев Париж Олимпиадасындағы алғашқы белдесуінде испаниялық дзюдошы Дэвид Гарсиямен кездесіп, қосымша уақытта "вазари" ұпайымен жеңген болатын. Кейін ол 1/8 финалда Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері, Оңтүстік Корея өкілі Ан Баулдан басым түскен еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2140924-gusman-qyrgyzbaev-olimpiadanyng-zhartylai-finalyna-otti/