Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбыл облысының әкімі Елдос Сметов пен жеке бапкеріне пәтер мен автокөлік сыйлады

Жарияланған күні:

Ербол Шырақбайұлы, Елдос Сметов пен Ғалымжан Жылгелдиев
Ербол Шырақбайұлы, Елдос Сметов пен Ғалымжан Жылгелдиев. Фото: instagram.com/ khabartv

Жамбыл жұртшылығы XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Елдос Сметовті Тараз қаласының шығыс қақпасынан сән-салтанатпен қарсы алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Жамбыл облыстық әкімдігіне сілтеме жасап.

Әкімдік хабарлауынша, салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, өңір тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері, спорт жанкүйерлері, белсенді жастар қатысқан.

Елдос Сметов көліктен түскен бойда өнерпаздар әндерін әуелетіп, ақ жаулықты әжелер шашуын шашып, ұлттық дәм ұсынған. Жамбыл облысы спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәуірбек Қарауылтегі Олимпиада чемпионына ақ батасын берді. Облыс әкімі Елдос Сметовке барша жамбылдықтардың атынан алғыс білдірді.

Елдос Сметовті қарсы алу рәсімі Жамбыл Жабаев даңғылы мен Ыбырайым Сүлейменов көшесі бойынша көліктердің салтанатты шеруімен жалғасқан. Жол бойындағы жамбылдықтар чемпионға зор құрмет, ыстық ықыластарын білдірді.

Ал "Хабар" арнасының мәліметіне сүйенсек, Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақбайұлы Елдос Сметов пен оның жеке бапкеріне пәтер мен автокөлік сыйлаған.

Еске сала кетсек, бүгін Елдос Сметов бастаған дзюдодан Қазақстан құрамасы елге оралды. Оларды қазақстандықтар Алматы әуежайында күтіп алды. Елдос Сметов ыстық ықыласпен қарсы алған жанкүйерлерге алғыс айтты.

Елдос Сметов Париж Олимпиадасының финалында франциялық дзюдошы Лука Мхеидзені жеңіп, алтын медаль еншілеген болатын. Осылайша, дзюдодан Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы атанды. Сондай-ақ үш дүркін Олимпиада жүлдегері болды. Ол Риода күміс, Токиода қола медаль иеленген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2144848-zhambyl-oblysynyng-akimi-eldos-smetov-pen-zheke-bapkerine-pater-men-avtokolik-syilady-foto/