Грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған балуан Демеу Жадыраевтың анасы ұлына амандық тілеп, көзіне жас алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Демеу Жадыраевтың туған жері Жетісу облысы Панфилов ауданы Үшарал ауылының тұрғындары балуанның финалдық белдесуін далада үлкен экраннан тамашалады. Жиналғандардың арасында Демеудің анасы Күлипа Бижанова да бар.
"Алла күш-қуат берсін менің балама. Ізін жалғайтын інілері соңынан ере берсін. Қайда жүрсе де дені сау болсын. Қазағымыздың көк туы желбірей берсін", - деді спортшының анасы көзіне жас алып.
Cондай-ақ грек-рим күресінен 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы Нұрбақыт Теңізбаев та жұртпен бірге Демеу Жадыраевқа жанкүйер болды.
"Демеудің күміс жүлдесіне қуаныштымыз. Алтын медаль болады деген үмітпен бәріміз қолдау көрсеттік. Дегенмен, мұның өзі үлкен жетістік. Демеу бар күш-жігерін салып, қолынан келгенін жасады. Қазақ еліне үлкен қуаныш сыйлады.", - деді Нұрбақыт Теңізбаев.
Еске сала кетсек, Демеу Жадыраев Олимпиада финалында жапон балуаны Нао Кусакадан 5:2 есебімен жеңіліп, күміс медаль еншілеген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2146033-qaida-zhurse-de-aman-bolsyn-demeu-zhadyraevtyng-anasy-kozine-zhas-aldy-video/