Бітімі бөлек балуан Шәміл Серіковтің есімін бүгінде біреу білсе, біреу жыға танымайды. 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиадада қос қазақ балуаны Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков чемпион атанған. Осы орайда еңбегі ерен, бірақ есімі көпшіліктің есінен шығып бара жатқан Шәміл Серіков туралы ой қозғағанды жөн көрген KAZ.NUR.KZ тілшісі балуанның ұлы Тимур Серіковпен тілдесті.
- Шәміл Серіков - 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, 33 жасында қайтыс болған қазақ балуаны. Ол өзінің спорттық мансабында көптеген жетістіктерге жетіп, Олимпиада алтынын "ойнап жүріп" жеңіп алған.
- Шәміл Серіковтің ұлы Тимурдың айтуынша, әкесі спорттан кейінгі өмірде өзін таба алмай, қиындықтарға тап болған. Оны құрамадан шығарып, достары да қолдамаған.
- Қазіргі таңда Шәміл Серіковтің есімі ел арасында сирек аталады. Оның ұлы Тимур әкесінің мұрасын жалғастыруға тырысып, балаларды жаттықтырып жүр.
Шәміл Серіков көзі тірі болғанда биыл 68 жасқа толатын еді. Бірақ балуанның өмірі келте болды. Қазақстан мен КСРО-ның мерейін асқақтатып, талай додада топ жарған балуан небәрі 33 жыл өмір сүрді. Шәміл Серіков 1989 жылдың 22 қарашасында өз-өзіне қол жұмсады.
Балалық шағы
Шәміл Серіков 1956 жылдың 5 наурызында Алматы қаласында дүниеге келді. Ол алғашқы бапкері Аянбек Алдабергеновтен күрес өнерінің қыр-сырын меңгерді. Осы шағында жас балуан талай сайыста топ жарды. Мәселен ел біріншілігін төрт мәрте жеңіп алса, Бүкілодақтық мектеп оқушылары спартакиадасында үздік атанды. Кейін жас балуан Шәміл Серіков білікті бапкер Анатолий Жарковтың қол астында жаттықты.
Жеңісті жолдың торабы
Ересектер санатына енді қосылған Шәміл Серіков 1977 жылы Ташкентте өткен КСРО чемпионатына тұңғыш мәрте қатысып, шеберлік байқасып көрді. Одақтың небір мықтылары бас қосқан бәсекеде Шәміл Серіков жеңіліс тапты.
Ол бұл жеңілісінен сабақ алып, 1978 жылы Минскіде өткен Иван Поддубный атындағы мемориалда 57 кг дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Шәміл Серіков жеңімпаз атанды. Арада бір ай өткенде Запорожьедегі КСРО чемпионатында ол қарсылас шақ келтірмей, тұғырдың жоғары сатысына көтерілді.
Сонымен қатар Шәміл Серіков 1978 жылы Мехикода, 1979 жылы Сан-Диегода өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, екі мәрте өзінің мықтылығын дәлелдеді. 1979 жылы Бухаресте өткен Еуропа чемпионатында да топ жарды. Сол уақытта классикалық күрес түрінен, яғни қазіргі грек-рик күресінен 57 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Шәміл Серіковке тең келер балуан табылмады.
"Сол кезеңдегі жаттықтырушылар мектебі қазір жоқ"
Даңқты балуан Шәміл Серіковтің ұлы Тимур Серіков әкесінің спорттан тыс өмірі туралы әңгімелеп берді.
"Әкем өмірден ерте кетті, мен ол кезде он екі жаста едім. Бірақ менің санамда әкем туралы естеліктер сайрап тұр. Маған әкем туралы көп нәрсені анам айтып отыратын. Ата мен әжем де музыкаға жақын адамдар болған. Атам аккордеонда жақсы ойнайтын, ал әжем татар тілінде ән айтатын. Әжемнің ұлты – татар, ал атам қазақ болатын. Сондықтан әкем бала күнінен музыкаға әуес болып өсті. Әкем шетелден түрлі музыкалық кассета мен пластинка әкелетін. Үйде үнемі сол уақыттағы танымал ABBA, Boney M топтарының әуендері ойнап тұратын. Біз отбасымызбен тауға жиі шығатынбыз, әкем әрдайым өзімен бірге магнитофон алып жүретін.
Әкем өте қонақжай адам еді, үйімізге келетін қонақтардың санында есеп жоқ. Таңертеңнен кешке дейін үйімізден қонақтар арылмайтын. Әсіресе әкеміздің Олимпиададағы жеңісінен кейін қонақтардың легі көбейе түсті. Оның спорттағы достары, негізінен, күрес әлемінен болатын, себебі әкем өмірінің көп бөлігін күреске арнады. Әкем көп жарысқа қатысып, Кеңес Одағының құрамасы мен Қазақстан құрамасының мүшелерімен етене таныс болды", - деді Тимур Серіков.
Шәміл Серіковтің спорттағы жетістіктері туралы сұрағанымызда, Тимур Шәмілұлы әкесінің ең басты қасиеттерінің бірі еңбекқорлық екенін атап өтті.
"Күресте табысқа жету үшін еңбекқорлық өте маңызды. Бұл спорттың ерекшелігі сонда. Егер бала кезден дұрыс бағытта дамымаса, еңбектенбесе ересектер арасындағы күрес деңгейіне жету мүмкін емес. Әрине спортта сәттілік те өте маңызды. Күресте балуандар тіпті жаттығу кезінде де жарақат алып қалуы мүмкін, ал қайтадан қалыпқа келу процесі өте ұзақты алады.
Әкемнің жаттықтырушысы Анатолий Павлович Жарков әрбір шәкірттің ерекшелігін байқап, оларға қажетті жүктемелер мен техниканы беру арқылы талантын ашуға көмектесті. Осылайша әкемнің таланты жылдар бойы дамыды десем де болады.
1970-80-жылдары қазақ күресінің алтын кезеңі саналатын. Өкінішке қарай, сол кезеңдегі жаттықтырушылар мектебі қазіргі уақытта жоқ, сондықтан бүгінгі бапкерлердің алдында жаңа әдіс-тәсілдерді қайтадан жасау мәселесі тұр. Бірақ энтузиастар мен екі аралық кезеңнің күресін жетік меңгерген бапкерлер бұл олқылықтың орнын толтырады деп ойлаймын", - деді Тимур Серіков.
"Олимпиада алтынын Шәміл ойнап жүріп ұтты"
1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада – Шәміл Серіковтің балуан ретіндегі кемелденген шағы. Қазақ балуанын Олимпиада бозкілемінде ешкім тоқтата алмады. Бұл додада ол 6 кездесу өткізіп, бәрінде қарсыласынан айласын асыра білді. Нақтылап айтар болсақ:
- Бірінші айналымда бельгиялық Жульен Мевисті 2 минут 28 секундта жеңді;
- Екінші белдесуде румыниялық Михал Боцилдан 1 минут 25 секундта басым түсті;
- Үшінші айналымда италиялық Антонио Кальтабианоны ұпай санымен жеңді;
- Төртінші кездесуде чехиялық Иожеф Кристаны 15:3 есебімен айқын басымдықпен ұтты;
- Жартылай финалда швециялық Бенни Лунгбекті 2 минут 42 секундта жеңді;
- Финалда польшалық Юзеф Липеньді 11:4 есебімен жеңді.
Бұл Олимпиадада чемпион атанған тағы бір қазақ балуаны Жақсылық Үшкемпіров журналист Төлеген Жәкітайұлына берген сұқбатында Шәміл Серіковтің бойындағы күш пен жеңіске деген ерекше сенімділікті атап өтті.
"Шәмілдің Олимпиададағы күресін өз көзіммен көрдім. Ешкімді шеніне келтірмей қойды емес пе. Ірі жарыс десе, Шәмілдің арқасы қозатын. Ондайда әдеттегіден он есе қайраттанып кететін. Олимпиаданың алтынын Шәміл сырт көзге ойнап жүріп ұтқандай әсер қалдырды. Біз болсақ, әр жекпе-жегімізді тоғыз минуттан, сілеміз қатып, діңкеміз құрып жүріп әрең ұттық. Ал Шәмілдің күресін қараңыз. Олимпиададағы алты белдесудің төртеуі таза жеңіс. Мәскеу Олимпиадасында дәл осындай сапалы күрес көрсеткен ешкім болмады. Сондағы Шәмілдің: "Осы жолы терлеп, шаршап күресейін деп едім, тағы сәті түспеді, Жәке!" - деп басын шайқап, жадырай күліп тұрған тұлғасы әлі көз алдымда", - деді Жақсылық Үшкемпіров.
Құрамадан шығарылып, стипендиясынан айырылды
1981 жылы КСРО Коммунистік партиясының шешімімнен спортшылар БАМ-ға (Байкал-Амур магистралі) баруы керек еді. Бірақ Шәміл Серіков үйімде жөндеу жұмыстарын жүргізуім керек деп бұл сапарға бармады. Оның себебі Олимпиададан кейін жүлдеге іліккен қазақстандық спортшыларға үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Ал Шәміл Серіковке екі бөлмелі ескі үй бұйырған екен. Осы мәселеге наразы болған Шәміл Серіков Қиыр Шығысқа бармай қояды.
Ал сол кезеңде коммунистік партияның бұйрығына қайшы келу өз болашағыңа балта шабумен тең болатынен тең еді. Міне осы бір оқиғадан кейін Шәміл Серіковке шүйліккен, оның жолын кескен жандардың саны көбейе түсті. Тіпті оны құрама сапынан да шығарып тастады, стипендиясынан да айырды.
Балуанның ұлы Тимур Серіков әкесінің спорттан тысқары қалу кезеңінің отбасы үшін ауыр болғанын ашық айтты.
"Оның спортпен, күреспен байланысты салаларда жұмыс істеуіне бейресми түрде тыйым салынған кезде оның жағдайы өте ауыр болды. Ол күреске әлі де көп үлес қосуға дайын еді. Өзін жаттықтырушы ретінде сынап көрді, тіпті бір жылға жуық уақыт интернатта жұмыс істеп, сол жерде мектептер арасындағы чемпионаттың жеңімпазын дайындады. Бұл жұмыс оған ұнады, бірақ бұл қызметін жалғастыра алмады.
Әкем отбасының асыраушысы ретінде жұмыс істеуге мәжбүр болды, бірақ сүйікті ісімен айналыса алмады. Оған көңілі толмайтын жұмыстарды атқаруға тура келді. Бұл жағдай оның көңіл-күйіне де әсер етті, отбасындағы қарым-қатынас та өзгерді. Анам оны қолдауға тырысты, бірақ әкемнің қиналып жүргенін көрген анам да шарасыз күйде болды", - деп еске алды Тимур Серіков.
Шәміл Серіковтің ең басты қиындықтарының бірі спорттан тыс өмірде өзін таба алмауы болды.
"Әкем бір кездері қарбыз өсірді, кейін жүк тасымалдаумен айналысты, бірақ бұл оның мамандығына сай келмеді. Ол өзі танымал спортшы ретінде басқа іспен айналысуды ұят санады. Яғни ол күрес өнерін жетік біледі, өз ісінің шебері, бірақ бұл салаға қатысты емес дүниемен айналысқысы келмеді", - деп түсіндірді Тимур.
Тимурдың айтуынша, Олимпиадаға төрт жылдық дайындықтың ауыртпалығы мен жауапкершілігі әкесіне ерекше әсер еткен.
"Олимпиадаға төрт жылдық дайындықтың соңы іштей шаршауға әкелді. Бұл табиғи процесс еді. Сондықтан отбасында бұл тақырыпта көп әңгіме болған жоқ. Анам әкемнің бар жағдайын жасауға тырысты, оны алаңдатпауға барын салды. Әкемнің қандай ауыр күйде екенін ол онсыз да көріп жүрді.
Әкем Олимпиададан кейін Еуропа чемпионатына және басқа жарыстарға қайта шақырылды. Бірақ оның мотивациясы таусылған еді. Ол спорттағы барлық арманын орындады, жаңа мақсаты болмады. Оны жарыстарға қайта қатыстыра берудің салдарынан келесі Олимпиадаға дайындалуға мүмкіндік берілмеді. Оған демалып, жаңа жоспар құруға уақыт та жетпеді. Сондықтан оның мотивациясы қалмады, керісінше күйзеліске түсті", - деді ұлы Тимур.
Сонымен қатар Тимур әкесінің басына бұлт үйірілгенде оның достары да қолдау көрсетпегенін айтты.
"Әкем атақ-даңқтың шыңында жүргенде, достары жанында болатын, ал қиындық туған шақта олардың барлығы жан-жаққа кетті. Бұл да әкеме ауыр соққы болды. Әрине отбасымыз қолдады, бірақ бұл оған жеткіліксіз еді. Ол спорт әлемінде жұлдыз болса да, қарапайым адам болып қалды. Достарына адал болды, бірақ олар оны сатып кетті. Бұл оның тағдырын шешкен соңғы ауыр соққы болды", - деді Тимур Серіков.
"Әкемнің есімі Жақсылық Үшкемпіровтен кейін аталады..."
Жоғарыда айтқанымыздай 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиадада қос қазақ балуаны – Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков чемпион атанған. Алайда соңғы жылдары Шәміл Серіковтің есімі ел арасында сирек аталып жүр. Еліміздегі күрес өнері туралы сөз болғанда біз Жақсылық Үшкемпіровті ғана тілге тиек етіп, ал Шәміл Серіковті ұмыт қалдырып жатамыз.
Шәміл Серіковтің ұлы Тимур Серіков әкесінің есімі неге Жақсылық Үшкемпіровтен кейінгі қатарда аталады деген сұраққа жауап бере отырып, бұл мәселеге қатысты ой-пікірін білдірді.
"Менің ойымша, мұның себебі әкемнің өмірден ерте кетуінде. Оның үстіне еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында бізге ұлт айнасы саналатын батырлар қажет болды. Бұрынғы кезеңнің емес, қазіргі күннің батырлары жас ұрпаққа ұлттық және патриоттық құндылықтарды жеткізуі керек еді. Жақсылық Үшкемпіров осы рөлге лайық болды.
Сол уақытта әкем де, Жақсылық Үшкемпіров те, басқа чемпиондар да барлығы бір команда үшін күресті. Команда ішінде бірінші немесе екінші деген бөлініс болмады. Бұл ортақ жеңіс еді және әрбір спортшы бір-бірін қолдады", - деді Тимур Серіков.
Жақсылық Үшкемпіровтің өзі балуан Шәміл Серіковтің шеберлігі туралы ерекше пікір білдірген.
"Ой-бой, Шәмілдің бойында не жоқ деп сұрасаңызшы одан да. Тұла бойы тұнып тұрған шеберлік еді ғой. Бәрі бар. Барлық жағынан да қарсыластарынан басым болатын. Ол нағыз балуан еді. Грек-рим күресінің ең әдемі әдістерінің көбін әлем көз тіккен жарыстарға алып шыққан осы Шәміл болатын. Техникасы мінсіз еді ғой", - деді Жақсылық Үшкемпіров.
Тимурдың айтуынша, кейде шенеуніктердің немесе билік өкілдерінің араласуынан гөрі халықтың өзі батырды еске алып, бағалауы әлдеқайда бағалы.
"Әкемнің аты ел аузында жүр, оның еңбегін сол кездегі әріптестері, жаттықтырушылар мен спортшылар жоғары бағалап, әлі күнге дейін есінде сақтайды. Бұл мен үшін өте маңызды", - деп атап өтті Тимур.
Тимур әкесінің есімі Алматыдағы бір көшеге берілгенін және оны Олимпиада даңқ залына қосқанын ерекше мақтанышпен еске алды.
"Мен үшін ең таңқаларлық жайт әкемнің есімі 2013 жылы Қазақстан балуандары арасынан алғашқылардың бірі болып Олимпиада даңқ залына енгізілді. Кейін 2014 жылы Жақсылық Үшкемпіров пен жаттықтырушы Вадим Псаревті де сол тізімге қосты. Менің ойымша батырлардың еңбегін қарапайым халық бағалауы керек", - деді Тимур Серіков.
Әке жолын жалғаған ұл
Шәміл Серіковтің ұлы Тимур Серіков қазір жаттықтырушы ретінде қызмет етіп жүр. Ол әкесінің арманын жүзеге асыру жолында қиындықтарға тап болғанын ашық айтты. Өз сөзінде әкесінің құрметіне клуб ашуға тырысқанымен, сенім артқан адамдардың сатқындығынан бұл арманның жүзеге аспағанын мойындайды.
"Өкінішке қарай, әкемнің арманын толықтай жүзеге асыра алмадым. Әкемнің құрметіне спорт клубын құрмақ болдым, аштым да, бірақ сенім білдірген, өзімді дос деп атаған спортшылар клубтың ыдырауына себеп болды. Нәтижесінде клубты жабуға тура келді. Уақыты келгенде мүмкіндік туғанда қайта ашамын деп сенемін", - деді Тимур Серіков.
Тимур Серіков қазір Қазақстан күресінің өзіндік мектебінің жойылғанын және басқа елдердің күрес өнерін көшіруге тырысып жатқанымызды айтты.
"Біз қазір Ресей, Иран, АҚШ сияқты елдердің күрес мектептерін көшіруге тырысып жатырмыз. Өкінішкен қарай, өзіміздің бірегей күрес мектебіміз жоқ. Дегенмен екі кезеңдегі күрес өнерін қатар алып жүретін, жаңа өзгерістерге дайын адамдар бар болғанда, үмітсіздікке салынуға болмайды", - дейді Тимур Серіков.
Тимур Серіковтың өміріндегі күреске деген махаббаты орасан зор. Ол қазір балаларды жаттықтырып, болашақта Олимпиада чемпионын тәрбиелеуге үміттенеді.
"Олардың жетістіктері маған күш-қуат береді. Олар жеңіске жеткенде, мен өз еңбегімнің жемісін көргендей боламын. Жеңілсе оларды жаңа жетістікке жету жолында тағы бір нәрсе үйретуге ынталанамын. Өз шәкірттерім арқылы шабыт аламын", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2156419-quramadan-shettetildi-dostary-teris-ainaldy-33-zhasynda-dunieden-otken-qazaq-baluany-turaly-ne-bilemiz/