Париж Олимпиадасының қатысушысы, еркін күрес шебері Әлішер Ерғали Қытайға барып, этникалық қазақ Әбусайман Хабиламен кездесті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қазақстандық балуан Әлішер Ерғали Қытай атынан сынға түсіп жүрген этникалық қазақ, еркін күрес шебері Әбусайман Хабиламен кездесті. Әлішер Ерғали Instagram желісіндегі ресми парақшасының Stories бөліміне Әбусайман Хабиламен бірге түскен фотоларын жариялады.
"Әбусайман Хабила – Қытайда өте танымал балуан. Олар мұнда қазақтар ашқан мейрамханаға алып келді. Бауырсақ өте дәмді екен", - деп жазды Әлішер Ерғали.
Әбусайман Хабила 2022 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында қола жүлде еншілесе, 2023 жылы Астанада өткен Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетейік, Әбусайман Хабила Париж Олимпиадасында еркін күрестен 97 кг салмақ дәрежесінде бақ сынады. Ол алғашқы белдесуінде америкалық балуан Кайл Фредерик Снайдерге есе жіберді (9:5). Кайл финалға жолдама алса, Әбусайман жүлдеге таласа алар еді. Бірақ америкалық спортшы жартылай финалда сүрінді.
Сондай-ақ осы салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Әлішер Ерғали жарыстың екінші айналымында Ахмед Тажудиновке жол берді. Ал жұбаныш белдесуінде ол Иран спортшысы Али Азарпирадан жеңіліс тапты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2174898-parizh-olimpiadasyna-qatysqan-qazaq-baluany-alisher-ergali-qytaida-ote-tanymal-sportshymen-kezdesti/