Спорт

Зектілері

50 күн ішінде екі әлем чемпионатын жеңді: Шетелдік сарапшылар Ризабек Айтмұқанға оң баға берді

Жарияланған күні:

Ризабек Айтмұхан
Ризабек Айтмұхан. Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

Біріккен күрес әлемі қауымдастығының (UWW) ресми сайты қазақстандық еркін күрес шебері Ризабек Айтмұханның әлем чемпионатындағы жеңісіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Албания астанасы Тиранада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Ризабек Айтмұхан 97 кг дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды.

Бұған дейін Ризабек Айтмұхан қыркүйекте Испанияда өткен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанған болатын.

"Еркін күрестен Қазақстаннан шыққан алғашқы әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан әр түрлі жас деңгейіндегі әлемдік титулдарды жеңуге барын салып жатыр. U20 әлем чемпионатындағы алтын медальдан кейін екі ай өткенде, Ризабек Айтмұхан Тиранадағы U23 әлем біріншілігінде 97 кг салмақта жеңімпаз атанды. Бұл жетістік Ризабек Айтмұханға 2023 жылдан бері қатысқан барлық турнирде жеңіс тұғырына көтеріліп, рекорд орнатуына мүмкіндік берді", - делінген UWW ресми сайтында.

Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан 2023 жылы Сербияның Белград қаласында өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында алтын жүлде иеленген болатын. Осылайша ол тәуелсіз Қазақстанның еркін күрес тарихында әлем чемпионы дәрежесіне жеткен тұңғыш балуан атанды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2180010-50-kun-ishinde-eki-alem-chempionatyn-zhengdi-sheteldik-sarapshylar-rizabek-aitmuqanga-ong-baga-berdi/