Қазақстандық балуан Ержет Жарылқасын Албания астанасы Тиранада өтіп жатқан күрестен олимпиадалық емес салмақ санаттары бойынша әлем чемпионатында күміс жүлде еншіледі. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Ержет Жарылқасын грек-рим күресінен 63 кг дейінгі салмақ дәрежесінің финалында әзербайжандық Нихад Захид Мамадлиден 1:6 есебімен жеңіліп қалып, күміс жүлде иеленді.
Қазақстандық балуан Албаниядағы әлем біріншілігін 1/8 финалдан бастаған болатын. Ол алғашқы белдесуінде польшалық Мишал Трачщтан басым түсті (9:0). Ал ширек финалда Стефан Клементті (Франция) айқын басымдық жеңді (10:0). Кейін ресейлік Садық Лалаевты 9:0 есебімен тізе бүктіріп, ақтық сынға өткен болатын.
24 жастағы Ержет Жарылқасын сәуірде Бішкекте (Қырғызстан) өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған еді.
Айта кетейік, Албаниядағы әлем біріншілігінде әйелдер күресінен бақ сынап жатқан Жәмилә Бақбергенова финалға шықты. Ол ақтық сында Ами Ишимен (Жапония) күреседі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2180348-erzhet-zharylqasyn-grek-rim-kuresinen-alem-chempionatynyng-kumis-zhuldegeri-atandy/