Татамидегі триумф: Қазақстан парадзюдошылары әлем чемпионатында 11 жүлде жеңіп алды
Опубликовано:

13-15 мамыр аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жалғасқан парадзюдодан жаһандық дода 15 мамырда мәресіне жетті, деп хабарлайды Қазақстан Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
IBSA Judo World Championships Astana бәсекесінің үшінші күнінде командалық сайыстан ерлер мен әйелдер арасында жүлделер сарапқа салынды.
Қазақстанның әйелдер құрамасы айналмалы жүйе бойынша күресіп, қорытынды нәтиже бойынша топ жарды. Олар жарыс жолында Түркия, Үндістан және тартысты белдесуде Өзбекстаннан басым түсті. Тек бастапқы кезеңде ғана бір ұпаймен Бразилияға жол берді.
Қазақстанның ерлер құрамасы да нағыз жігерге толы күрестің үлгісін көрсетті. Әр қарсыласпен соңғы секундқа дейін беріспей, қайсарлықтың арқасында жеңісті жұлып алды. Жігіттеріміз Моңғолия мен Грузияны жарыстан шығарса, финалда басты фаворит Бразилияны жеңіп кетті.
Ал әлем чемпионатының жеке сайысында Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс және 5 қола жүлде еншілеп, жалпы есепте 4-орынға тұрақтады.
Қазақстандық жүлдегерлер тізімі:
- Жұрқамырза Шукурбеков — алтын (+95 келі, J2 санаты)
- Бексұлтан Құлмырза — алтын (81 келі, J2 санаты)
- Ғалымжан Смағұлұлы — күміс (81 келі, J2 санаты)
- Аяла Мереке — күміс (70 келі, J2 санаты)
- Ерғали Шамей — қола (81 келі, J1 санаты)
- Даяна Федосова — қола (60 келі, J2 санаты)
- Айназ Куралова — қола (46 келі, J1 санаты)
- Бағланбек Оналбек — қола (+95 келі, J1 санаты)
- Ерлан Утепов — қола (+95 келі, J1 санаты)
Айта кетейік, үш күнге жалғасқан жарыста 38 елден 300-ден астам спортшы қатысты.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2245530-tatamidegi-triumf-qazaqstan-paradziudoshylary-alem-chempionatynda-11-zhulde-zhengip-aldy/