Футболдан әлем чемпионатының «D» тобындағы Аргентина – Хорватия (0:3) ойынына жанкүйер қауымға жақсы таныс төреші - Раушан Ирматов (Өзбекстан) қазылық етті. Бұл – оның әлем чемпионаттарының финалдық турнирлеріндегі оныншы матчы деп жазады Statsport.kz порталына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Өзбек төрешісі тұңғыш рет дүниежүзілік доп додасы кездесуін 2010 жылы жүргізді. Ол алдымен Оңтүстік Африка Республикасында өткен турнирдің тұсаукесер матчына (Оңт. Африка – Мексика – 1:1) қазылық еткен.
Кейін сол чемпионаттың топтық кезеңіндегі Англия – Алжир (0:0), Грекия – Аргентина (0:2) ойындарына төрелік жасады. ФИФА басшылығына жас реферидің жұмысы ұнаған болуы керек, плей-офф кезеңі үшін іріктелген таңдаулылардың қатарына қосылды.
Сол доп додасындағы жұртшылықты айран-асыр қылған Германия – Аргентина (4:0) ширек финалын жүргізген де Р.Ирматов болатын. Арада төрт-бес күн өтер-өтпесте өзбек төрешісі бірінші жартылай финалға да (Уругвай – Голландия – 2:3) қазылық еткен. Сөйтіп, ол 2006 жылы мексикалық рефери Бенито Арчундия қол жеткізген көрсеткішті (бір чемпионатта – 5 ойын) қайталады.
Раушан Ирматов Бразилияда ұйымдастырылған 2014 жылғы доп додасына да белсене қатысты. Топтық кезеңде ол Швейцария – Эквадор (2:1), Хорватия – Мексика (1:3) және АҚШ – Германия (0:1) матчтарын жүргізді.
Егер ФИФА сенім артса, Ирматов биылғы дода ойындарына әрі қарай да төрелік ете бермек. Яғни, ол рекордтық көрсеткішін одан әрі жақсарта түседі деген сөз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/1738892-lem-cempionatynda-kzge-tsken-zbek-tresisi-turaly-ne-bilemiz/