Елорданың "Астана" футбол клубы Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында черногориялық "Будучност" команасынан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды. Матч Алматыда өтті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Ойынның бірінші таймын қонақтар сәтті өткізді. Олар жиі шабуыл ұйымдастырып, 25-минутта Василие Терзич айып алаңына әуелете асырылған допты Ненад Эричтің қақпасына дәл көздеді.
Екінші таймның басында астаналықтар шабуылды үдетіп, есепті теңестіруге керемет мүмкіндік алған. Алайда, қақпашымен бірге-бір шыққан Иван Маевский Милош Драгоевичтен айласын асыра алмады.
Осылайша, "Астана" футбол клубы соңғы алты жылдың ішінде алғаш рет еурокубоктардың топтық кезеңіне өте алмады.
Сондай-ақ бүгін тағы бір қазақстандық команданың Еуропа лигасының іріктеу кезеңінен өте алмағанын айта кету керек.
Қызылордалық "Қайсар" футбол клубы Шымкентте Кипрдің "АПОЭЛ" командасын қабылдады.
"Қайсар" футболшылары алғашқы болып есеп ашқанымен, қонақтардың қарқынына төтеп бере алмады. Кипрдің азулы командасы ойын тізгінін өз қолына алып, есепті 1:4-ке жеткізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін елордалық "Барыс" хоккей клубының 12 мүшесінен коронавирус анықталғанын хабарлағанбыз.
Құрлықтық хоккей лигасы қазақстандық "Барыстың" алты ойыны кейінге шегерілгенін ресми түрде мәлім етті.
Сондай-ақ бұғдан бұрын футболдан Франция чемпиондары "Пари Сен-Жерменнің" бірнеше танымал ойыншысынан COVID-19 инфекциясы анықталғаны белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/1874907-astana-6-zyldy-isinde-algas-ret-eurokuboktardy-toptyk-kezeine-te-almady/