Алматылық "Қайрат" клубы футболдан Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Бұл туралы ұжымның ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды.
"Үш дүркін жеңімпазбыз", - делінген ресми хабарламада.
Қазақстан Премьер-лигасының 17-туры аясында Алматының орталық стадионында "Қайрат" Шымкенттің "Ордабасы" клубын қабылдады.
Ойындағы алғашқы голды 36-минутта "Қайраттың" шабуылшысы Вагнер Лав соқты.
Артынша бас төреші "Ордабасы" қақпасына пенальти белгілеген. Нүктеге Нұралы Әліп келіп, айып добын сәтті орындады.
Екінші таймның орта тұсында "Ордабасы" шабуылшысы Жоа Пауло бір доп соғып, қонақтарға үміт отын сыйлаған. Алайда қуаныш ұзаққа созылған жоқ. Шымкенттік ұжымның футболшысы өз қақпасына гол соғып, матч 3:1 есебімен аяқталды.
Осылайша, ел біріншілігінде 44 ұпайды қанжығасына байлаған алматылық команда мерзімінен бұрын Қазақстан чемпионы атанды. Соңғы рет "Қайрат" клубы 2004 жылы елдің үздік командасы атанған еді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін тамызда "Астана" футбол клубының бас бапкері Михал Билек өз қызметінен кеткенін хабарлаған болатынбыз. Клуб басшылығы Билекпен келісімшартты бұзғанын мәлім еткен.
Сонымен қатар алматылық "Қайрат" өз алаңында астаналық клубты 3:0 есебімен жеңгенін жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/1882891-16-zyldan-kejin-kajrat-futboldan-kazakstan-cempiony-atandy/