Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов "Ақтөбе" футбол клубына оралуы туралы пікірін білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Ақтөбе" командасының Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Керемет сезімде тұрмын, өйткені осы "ақ-қызылдар" отбасында бір жарым маусым өткіздім және қайтып келгеніме қуаныштымын. Негізгі факторлардың бірі – жанкүйерлер. Осы клубта жақсы ойыншылар жиналып жатыр. Барлығын танимын. Маусымға үлкен міндеттер қойылып отыр".
"Ақтөбеге" қайтып оралған Рамазан Оразов футболшы Самородовпен қандай қарым-қатынаста екенін айтты.
"Макс (Максим Самородов) екеуміз алаңнан тыс та жақсы доспыз, көп сөйлесеміз, ұлттық құраманың ойындары кезінде әрқашан бірге тұрамыз. Біздің жақсы тіл табысуымыздың бірден бір себебі де осы шығар. Дайындықтар керемет өтуде, бапкермен таныстым. Бәрі жақсы, күннен күнге жақсара беретініне күмәнім жоқ", – деді Рамазан.
Еске салайық, Оразов 2023 жылдың тамызынан 2024 жылдың қаңтарына дейін словениялық "Копер" командасында ойнады. Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы алматылық "Қайрат" командасының түлегі. Одан бөлек "Тобыл", "Ақсу", және ресейлік "Чайка" командасында өнер көрсетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2056116-qazaqstan-ulttyq-quramasynyn-zartylai-qorgausysy-aqtobege-oraluy-zaily-aitty/