Азия кубогының 1/8 финалында Өзбекстан ұлттық құрамасы Таиланд командасын 2:1 есебімен жеңді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Әл-Вакра (Қатар) қаласында өткен ойынның есебін 37-минутта Өзбекстан құрамасынан Азизбек Тұрғынбаев ашты. Кейін қарсылас команданың ойыншысы Сарачат Супачок (58-минутта) есе қайтарды. Содан соң өзбекстандықтар Аббосбек Файзуллаевтың голы (65-минутта) арқылы жеңіске жетіп, Азия кубогының ширек финалына шықты.
Енді Өзбекстан футболшылары ширек финалда жарыс қожайындары Қатар командасына қарсы ойнайды. Қатар құрамасы 1/8 финалда Палестинаны 2:1 есебімен ұтқан еді.
Осыған дейін футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасы Азия кубогының плей-офф кезеңіне жолдама алғанын жазғанбыз. В тобында Үндістан ұлттық құрамасын 3:0 есебімен ұтып, Сирия және Аустралиямен тең ойнаған өзбекстандықтар 5 ұпай жинап, 2-орынмен плей-офф кезеңіне өткен болатын.
Айта кетейік, Азия құрлығының футбол додасы Қатар мемлекетінде өтіп жатыр. Байрақты бәсеке 12 қаңтарда басталды және 10 ақпанға дейін жалғасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2058321-futboldan-ozbekstan-ulttyq-quramasy-aziya-kubogynyn-sirek-finalyna-otti/