Германияда өтіп жатқан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының "С" тобындағы ойында Словения мен Дания құрамалары ұпай бөлісті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Кездесу Штутгарттағы Mercedes-Benz Arena алаңында өтіп, 1:1 есебімен аяқталды. Даниялықтар бірінші болып гол соқты.
17-минутта Кристиан Эриксен Джонас Виндтің пасын қабылдап, жақын қашықтықтан допты қарсылас қақпасына бағыттады. Бұл ойын Эриксен үшін 2021 жылы 12 маусымда Финляндиямен болған кездесуден кейінгі Еуропа чемпионатындағы бірінші матч. Сол кездесуде оның жүрегі тоқтап қалған еді.
Матчтың 77-минутында словениялықтар есеп теңестірді. Бұрыштамадан пас қабылдаған Эрик Янже алыстан соққы бағыттап, командасына 1 ұпай алып келді.
Осы ойынның қорытындысы бойынша даниялықтар мен словениялықтар 1 ұпайдан иеленді. Сондай-ақ "С" тобында Сербия мен Англия бар. Кеше, 16 маусымда Англия сербтерді 1:0 есебімен жеңіп, аталмыш топта көш бастады.
Айта кетейік, Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Дания мен Словения Қазақстанмен бір топта ойнады. Соңғы турда словениялықтар біздің құраманы жеңіп, дүбірлі додаға жолдама алған еді. Ал Қазақстан іріктеуді 4-орында аяқтаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2118504-qazaqstan-quramasynyng-irikteudegi-qarsylastary-europa-chempionatyn-satsiz-bastady/