Словакия құрамасының қорғаушысы Вернон де Марко 31 жасында алғаш рет Еуропа чемпионатында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Ол 12 жыл бұрын әуесқойлар деңгейінде ойнады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Marca басылымына сілтеме жасап.
Словакия құрамасы Еуро-2024 додасын Бельгия құрамасына қарсы ойынмен бастайды. Сондай-ақ словакиялықтардың құрамында ерекше тарихы бар ойыншы пайда болуы мүмкін. Оның есімі – Вернон де Марко.
Вернонның өзі мен отбасы қазірдің өзінде көпшіліктің назарын аударып үлгерді. Ол 2001 жылы Аргентинадан қоныс аударған. Сонымен бірге Испанияға Аустрия арқылы өтіп, сол жерде өзінің футболға деген махаббатының алауын жақты.
"10 жасқа толған шағымда біз қашып кеттік, тек 12 жасымнан бастап футбол ойнай бастадық. Бұған дейін тек қана баскетболмен айналыстық", - дейді Вернон де Марко.
Оның кәсіби мансабы бірден оңалып кете қоймаған.
"Мен Испанияның төртінші дивизионында ойнадым, командада жалақы жетіспеді. Мен айына 225 еуро тауып, бұл ақшаны бензинге әрең жеткізетін едім. Мен жалғыз өмір сүргім келді, сондықтан қонақүйде даяшы болып жұмыс істей бастадым. Осы аралықта мені тіпті футболдан кету туралы да ойлар мазалады", - дейді футболшы.
Футболмен толыққанды айналысу үшін Вернон де Маркоға тағы бір мәрте өзінің тұрғылықты елі мен азаматтығын өзгертуге тура келді.
"Менің агентім Словакияның екінші лигасында өзімді сынап көргім келетінін білу үшін маған қоңырау шалды. Мен бұл елдің қайда орналасқанын білу үшін картаға үңілуім керек болды", - деді футболшы.
Аргентинаның тумасы 2021 жылы Словакия азаматтығын алып, бірден ұлттық құрамада дебют жасады. Бірінші матчта қорғаушы Мальта құрамасының қақпасына гол соқты.
Қазір Вернон де Марко Біріккен Араб Әмірліктерінің "Хатта" клубында өнер көрсетеді. 2024 жылғы Еуропа чемпионаты бұл ойыншы үшін Словакия құрамасындағы алғашқы ірі турнир болып саналады.
Айта кетейік, Еуро-2024 топтық кезеңінің бірінші турында Словакия мен Бельгия матчы бүгін, 17 маусымда өтеді. Ойын 21:00-де басталады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2118816-futbol-ushin-daiashy-bolyp-zhumys-istep-azamattygyn-da-ozgertti-euro-2024-debiutantynyng-oqigasy/