Футболдан Еуропа чемпионатының үшінші турында Албания құрамасы Испаниядан жеңіліп қалып, жарысты аяқтады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
B тобындағы екі құрама Дюссельдорфта (Германия) кездесті. Бұл ойын 0:1 есебімен аяқталды. Жалғыз голды 13-минутта Испания құрамасының ойыншысы Ферран Торрес салды.
Айта кетейік, Албания командасы осыған дейін Италиядан 2:1 есебімен ұтылса, Хорватиямен тең ойнаған болатын (2:2). Осылайша, албаниялықтар үш турдың қорытындысы бойынша 1 ұпай ғана жинап, B тобында соңғы орынға жайғасты да, жарыстан шығып қалды.
Ал Испания құрамасы Хорватияны 3:0, Италияны 1:0 есебімен жеңген еді. 9 ұпай жинаған испаниялықтар плей-офф кезеңіне бірінші орынмен өтті.
Футболдан Еуропа чемпионаты Германияның 10 қаласында өтіп жатыр. Топтық кезең 26 маусымға дейін жалғасса, плей-офф кезеңі 29 маусымда басталады. Турнирдің финалы 14 шілдеде Берлиндегі "Олимпиада" стадионында болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2123274-euro-2024-albaniia-quramasy-ispaniiaga-ese-zhiberip-turnirden-shygyp-qaldy/