Еуро-2024 турнирінің Е тобында өнер көрсететін Словакия мен Румыния құрамалары үшінші тур аясында кездесті. Бұл матчта қос команда 1:1 есебімен тең тарқасты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Топтық кезеңнің бұл соңғы әрі шешуші ойыны "Франкфурт Арена" стадионында өтті.
Матчтың 24-минутында Словакия құрамасының жартылай қорғаушысы Ондрей Дуда гол соғып, ойынның есебін ашты.
Бұл ретте Румыния құрамасының ойыншылары да аянып қалмады. Рэзван Марин ойынның 37-минутында пенальтиді мүлтіксіз орындап, есепті теңестірді.
Ойын соңына дейін осы есеп сақталып, Румыния мен Словакия құрамалары 1:1 есебін тіркеді.
Осылайша, Е тобындағы құрамалардың бәрі дерлік 4 ұпайға ие болды. Бірақ гол айырмашылығы бойынша Румыния мен Бельгия алғашқы орындарды бөлісіп, плей-оффқа тікелей жолдама алды. Сондай-ақ үшінші орынға тұрақтаған Словакия құрамасы да плей-оффта өнер көрсететін болды. Ал 4 ұпай жинақтаса да, топта соңғы орынға ие болған Украина құрамасы Еуро-2024 біріншілігімен қош айтысты.
Айта кетейік, топтық кезеңде бірінші және екінші орын алған құрамалар, сондай-ақ әр топта үшінші орынды межелеген құрамалар арасында нәтижесі жоғары ең үздік төртеуі плей-оффқа жолдама алады.
Германиядағы Еуропа біріншілігінде 24 құрама бақ сынап жатыр. Топтық кезеңнің ойындары бүгін, 26 маусымда аяқталады, F тобының үшінші тур аясындағы ойындары 00:00-де басталады. Ал плей-офф кезеңіндегі матчтар 29 маусымда бастап өтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2124639-euro-2024-rumyniia-men-slovakiia-teng-oiyndy-qanagat-tutty/