Еуро-2024 турнирінің F тобында өнер көрсететін Түркия мен Чехия құрамалары үшінші тур аясында кездесті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Тартысқа толы матч Гамбург қаласындағы "Фолькспаркштадион" стадионында өтіп, түріктер 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Чехия құрамасының жартылай қорғаушысы Антонин Барак матчтың 11-минутында дөрекі ойыны үшін сары қағаз алды және арада тоғыз минут өткеннен кейін екінші сары қағазды еншілеп, алаңнан қуылды.
Он футболшыға қарсы ойнаған Түркия құрамасы шабуылды жиілете түсті. Матчтың 51-минутында Хакан Чалханоглу гол соғып, түріктерді есепте алға шығарды.
Ал ойынның 66-минутында Чехия құрамасының жартылай қорғаушысы Томаш Соучек есепті теңестірді.
Матчтың 90+4-минутында Түркия құрамасының ойыншысы Дженк Тосун гол соғып, есепті 2:1 қылды. Ойын соңына дейін осы есеп сақталып, түріктер жеңіске жетті.
Төреші ысқырығынан кейін футболшылар арасында жанжал орын алып, Чехия құрамасының шабуылшысы Томаш Хор қызыл қағаз алды. Сондай-ақ қос команданың бірнеше ойыншысы сары қағазды еншіледі.
Бұл матч тартысқа толы болды. Екі қызыл қағаздан бөлек екі құраманың ойыншылары 18 сары қағаз алды (Чехия – 7, Түркия – 11).
Ал осы топта өнер көрсететін Португалия мен Грузия құрамалары үшін тур аясында кездесіп, грузиялықтар 2:0 есебімен басым түсті.
Осылайша, F тобынан Португалия мен Түркия құрамалары 6 ұпаймен, Грузия құрамасы 4 ұпаймен плей-оффқа жолдама алды. Ал 1 ұпайды қанағат тұтқан Чехия жарыс жолынан шығып қалды.
Еуропа біріншілігінің плей-офф кезеңіндегі матчтар 29 маусымда басталады. Плей-офф сатысына шыққан командалар анықталды. Олар: Германия, Швейцария, Испания, Италия, Англия, Дания, Словения, Аустрия, Франция, Нидерланд, Румыния, Бельгия, Словения, Португалия, Түркия, Грузия.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2124696-euro-2024-toptyq-kezengning-songgy-oiynynda-turikter-top-zhardy/