Бүгін, 27 маусымда футболдан Еуропа чемпионатының 3-туры аясында Грузия және Португалия құрамалары кездесті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
F тобындағы екі құраманың ойыны Гельзенкирхен қаласындағы (Германия) "Фелтинс Арена" cтадионында өтті. Бұл матчта Грузия құрамасы Роналду бастаған Португалияны 2:0 есебімен жеңіп, Еуропа чемпионатындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Осылайша Грузия F тобында 4 ұпай жинап, 3-орынға табан тіреді. Десе де бұл нәтиже келесі кезеңге өту үшін жетеді. Еуропа чемпионатына алғаш қатысып жатқан Грузия 1/8 финалда Испания құрамасына қарсы ойнайды.
Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша Чехия F тобында 4-орынға жайғасып, турнирді аяқтады. Ал осы топтағы Португалия мен Түркия командалары плей-оффқа жолдама алды.
Айта кетейік, Германияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының топтық кезеңі бүгін 27 маусымда аяқталды.
Еуропа чемпионатының келесі сатысы 29 маусымда басталады. Қазіргі таңда осы құрамалар плей-оффқа өтіп үлгерді. Олар: Германия, Швейцария, Испания, Италия, Англия, Дания, Словения, Аустрия, Франция, Нидерланд, Румыния, Бельгия, Словения, Португалия, Түркия.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2124705-euro-2024-gruziia-quramasy-portugaliiany-zhengip-tarihi-zhetistikke-qol-zhetkizdi/