Футболдан Еуропа чемпионатының 1/8 финалында Португалия құрамасы Словенияны жеңді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Матч Германияның Франкфурт қаласында өтті. Алғашқы таймда есеп ашылған жоқ. Екінші таймда да гол соғылмады. Осылайша, матч экстра-таймға ұласты.
Экстра-таймда Словения қақпасына пенальти белгіленген еді. Бірақ пенальтиді соққан Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду мүлт кетті. Осы сәтсіздіктен кейін футболшы көз жасына ерік берді.
Экстра-таймда да жеңімпаз анықталмай, кездесу пенальти сериясына жалғасты. Бұл кезеңде португалиялықтар 3:0 есебімен басым түсті. Криштиану Роналду, Бруну Фернандеш, Бернарду Силва гол салды.
Енді Португалия құрамасы ширек финалда Францияға қарсы ойнайды. Бұл матч 5 шілдеде өтеді. Франциялықтар 1 шілдеде Бельгияны автоголдың арқасында жеңіп, келесі кезеңге өткен еді.
Айта кетейік, Германияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының 1/4 финалы 5-6 шілдеде, жартылай финал 9-10 шілдеде, ал ақтық мәре 14 шілдеде болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2127159-euro-2024-portugaliia-quramasy-shirek-finalga-shyqty/